ҚРКФ мен БҰҰ сарапшылары отбасылық саясаттың еңбек саласына ықпалын талқылады

11 наурыз, сәрсенбі күні елордада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы өкілдерінің БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру қорымен (ЮНФПА/UNFPA) және азаматтық қоғам ұйымдарымен сараптамалық кездесу өтті. Жиынның басты тақырыбы — жұмыс орындарында отбасылық құндылықтарға бағытталған саясатты енгізу мәселесі болды.

Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, бұл бастама әлеуметтік әріптестіктің ұлттық моделін жаңғыртуға және еңбек адамы үшін әділ жағдай жасауды қамтамасыз етуге тиіс.

Жиынды ашқан ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев отбасын қолдау мәселесі еңбек заңнамасын реформалаумен тікелей байланысты екенін айтты.

Оның сөзінше, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің бастамасымен жаңа Конституция жобасына «еңбек ету құқығын» нақты норма ретінде енгізу ұсынылып жатыр.

«Еңбек ету құқығы — бұл адамның өмір сүру, білім алу және бақытты болу құқығы сияқты ажырамас құндылығы. Өкінішке орай, 1995 жылдан бері Ата Заңымызда бұл мәселе нақты жазылмады; тек «еңбек бостандығы» деген ұғым болды, ол кедергінің жоқтығын білдіргенімен, қорғауға кепілдік бермейді. Соңғы 10 жылда біз қолданып жүрген еңбек заңнамасы тараптардың теңдігін ескермейді, 2015 жылы жұмыс берушілердің ыңғайына қарай жазылған. Біздің мақсатымыз — жұмысшы мен жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттерін теңестіру. Егер Конституцияға еңбек ету құқығын енгізсек, бұл барлық заңдарды әділдікке және еңбек адамының мүддесіне қарай бұруға жол ашады. Әділетті Қазақстанды құру еңбек қатынастарындағы әділдіктен басталуы тиіс», — деді Нұрлан Өтешев.

ЮНФПА-ның өңірлік өкілі Мари Тульмонд отбасылық саясаттың экономикаға қалай әсер ететінін талдады. Ол үйдегі ақы төленбейтін жұмыстардың (бала күтімі, үй шаруасы) дамуға кедергі болып отырғанын жеткізді.

«Шындықты айту керек. Қазақстанда үй шаруасы мен күтім жасаудың негізгі жүгі әйелдерге түседі. Олар бұл істерге еркектерге қарағанда күніне орта есеппен 3 сағат артық уақыт жұмсайды. Негізінде «екінші жұмыс» деп те санауға болады. Егер мемлекеттік саясат осы мәселелерді ескермесе, әйелдерге таңдау жасауға тура келеді: не мансап қуу керек, не отбасымен айналысу керек. Бұл табыстың азаюына, қызметте өспей қалуға және зейнетақының аз болуына әкеп соғады. „Таңдау құқығын кеңейту“ моделі мынаны көрсетті: икемді жұмыс кестесін енгізу қызметкерлердің жұмыстан кетуін 33%-ға азайтады, ал кәсіпорын ішінде балабақшаның болуы жұмыс орнының тартымдылығын 19%-ға арттырады. Отбасына қолайлы жағдай жасау — бұл бос шығын емес, елдің демографиялық тұрақтылығына құйылған инвестиция», — деп атап өтті Мари Тульмонд.

ЮНФПА-ның Беларусьтегі маманы Таисия Елецких 217 компанияны біріктірген жобаның нәтижелерімен бөлісті. Оның ойынша, ата-ана болып отырған қызметкерлерді қолдау — мықты мамандарды сақтап қалудың жалғыз жолы.

«Қызметкер — компанияның ең басты байлығы. Егер сіз өз қызметкерлеріңізге қамқорлық жасасаңыз, олар сіздің бизнесіңіздің өркендеуіне үлес қосады. Біздің жұмыс үш бағытқа негізделген: жұмыс пен жеке өмірдің теңгерімі, ата-аналарды қолдау және бала күтіміндегі ерлер мен әйелдердің тең мүмкіндіктері. Біз „Work hard and go home“ (өнімді жұмыс істе де, үйіңе қайт) мәдениетін енгіздік. Себебі жұмыста үнемі кешігіп қалу — бұл басқарудың нашарлығынан хабар береді. Бақытты жұмысшының өнімділігі 12,3%-ға жоғары болады. Қазіргі жастар (зумерлер мен миллениалдар) әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компанияларды таңдайды. Мұндай мекемелер бәсекелестерінен екі есе жылдам дамиды, соңғы 12 жылда олардың нарықтағы құны 175%-ға өскен», — деді Таисия Елецких.

ЮНФПА бағдарламаларының үйлестірушісі Ольга Лукашкова бизнесті қалай жақсартуға болатыны туралы нақты мысалдар келтірді. Оның айтуынша, жұмысты әрқашан ұжымдағы ахуалды жасырын тексеруден бастаған жөн.

«Көбіне басшылар „біз жұмысшыларға жақсы жағдай жасап жатырмыз“ деп ойлайды. Бірақ сауалнама нәтижесі басқаша болуы мүмкін. Қызметкерлер тек заңда міндеттелген дүниелерді ғана алып отырғандарын айтады. Мәселен, бір банк біздің кеңесімізбен ата-аналарға арналған портал ашты. Онда декреттен шығу жолдары мен әкелердің құқықтары тайға таңба басқандай жазылған. Басқа бір банк кассирлер үшін жұмыс кестесінің 12 нұсқасын жасады. Осының арқасында олар жұмыс уақытын балабақша кестесімен ыңғайластыра алды. Нәтижесінде төрт жылда жұмыстан кететіндер саны 30%-дан 18%-ға дейін азайды. Міне, сарапшылардың кеңесі компанияның пайдасын қалай арттыратынына нақты дәлел», — деді Ольга Лукашкова.

«Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» кәсіподақ ұйымының жетекшісі Татьяна Чигвинцева бұл қағидалардың өндіріс орнында қалай іске асатынын айтып берді.

«Біздің ұжымдық шарт — үлкен күрестің жемісі. 1922 жылы біз 12 мәселе бойынша басшылықпен келісе алмай, бір қадам шегінбейтінімізді білдіріп, келіспеушілік хаттамасына қол қойдық. Бүгінде сол талаптың 8-і орындалды: демалысқа шыққанда екі айлық жалақы мөлшерінде көмек алу, мереке күндері екі есе төлем алу деген сияқты. Ата-аналар үшін бала туылғанда 40 АЕК төленеді, бала 3 жасқа толғанша ай сайын көмек беріледі. Бірінші сыныпқа баратын балалардың ата-аналарына ақылы демалыс беріледі, ал мүгедек баласы барлардың аурухана парағы 100% төленеді. Жұмысшыларымыз бұл жеңілдіктердің ешқашан жойылмайтынын біледі, бұл оларға ертеңгі күнге деген сенімділік береді», — деді Татьяна Чигвинцева.

Жиын соңында қатысушылар Қазақстанның еңбек саласын жақсарту үшін не істеу керектігін нақтылады. Олар жұмысқа икемді жұмыс кестесі мен қашықтан жұмыс істеуді енгізу, ата-аналарды қолдау бағдарламаларын көбейту, ер адамдардың бала тәрбиесіне араласуын насихаттау және мекемедегі мәдениетті үнемі тексеріп отыру қажет деп шешті.

Кездесуге келгендер «Әділетті Қазақстан — әрбір еңбекші отбасының амандығынан басталады» деген ортақ пікірге келді.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы