Кәсіподақ көшбасшысы мектебі: кәсіподақтар қызметінің құқықтық негіздері мен кепілдіктері

Бүгін, 13 наурыз күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасының екінші онлайн-кездесуі өтті. Жобаның басты мақсаты — кәсіподақ белсенділерінің кәсіби шеберлігін арттыруға және олардың әлеуетін дамытуға жәрдемдесу.

Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің білім беру курсы кәсіподақ белсенділеріне заманауи жағдайда нәтижелі жұмыс істеу үшін жан-жақты кәсіби дағдылар мен озық технологияларды меңгертуге бағытталған.

Кездесуді ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары Ләззат Есжанова ашып, қатысушыларды семинар бағдарламасымен таныстырды. Ол іс-шараның негізгі басымдығы — кәсіподақ мүшелерінің құқықтық мәдениетін көтеру және кәсіби біліктілігін жаңа деңгейге шығару екенін атап өтті.

Семинар спикері ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева болды. Ол кәсіподақ мақсаттарын табысты ілгерілету және еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін кәсіподақ белсенділерін жүйелі оқытудың маңыздылығына тоқталды.

Дәріскер ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» Заңына сәйкес кәсіподақтар қызметінің құқықтық негіздері мен кепілдіктері туралы егжей-тегжейлі баяндама жасады. Ол кәсіподақтар қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілер кешенімен және ҚР заңнамалық базасымен таныстырды. Гүлнар Жұмагелдиева кәсіптік одақтарды құрудың, тіркеудің, қайта ұйымдастырудың заңды тетіктері мен кәсіподақ қызметінің еркіндігі туралы нормаларды нақты көрсетті.

«Кәсіптік одақтар өз мүшелерінің еріктілігі мен тең құқылы болуы қағидаты негізінде құрылады. Бір кәсіп немесе сала аясында құрылатын кәсіптік одақтардың санына заңмен шектеу қойылмайды. Барлық кәсіптік одақтарға заң алдында тең құқықтық мүмкіндіктер беріледі. Кәсіптік одақ құруға кедергі келтіру, сол сияқты оның заңды қызметіне қандай да бір түрде қарсылық білдіру немесе араласу заң бойынша жауап береді», – деп атап өтті Гүлнар Жұмагелдиева.

Сондай-ақ, ҚРКФ Төраға орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева жаңартылған Конституция жобасына ерекше тоқталды. Ол Ата Заңдағы өзгерістердің азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау тетіктерін қалай күшейткенін түсіндірді. 15 наурызда өтетін референдумда әрбір азаматтың дауыс беруі маңызды екенін айтты.

Іс-шара барысында қатысушылар осы тақырыптардың құқықтық қыр-сырымен танысып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тәжірибелік тұрғыдан маңызды жауаптар алды.

Жоба авторы әрі үйлестірушісі, Ләззат Есжанова кездесуді қорытындылай келе, келесі семинардың тақырыбын жариялап, белсенділерді алған білімдерін өз ұжымдарында қолдануға шақырды.

Еске сала кетейік, ҚРКФ «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» білім беру жобасы осыдан төрт жыл бұрын басталған болатын. Биыл мектептегі оқу 13 салалық кәсіподақтардың 100 белсенділерінен құралған жетінші лек үшін сәтті ұйымдастырылып отыр.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы