Батыс Қазақстан облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағы мамандары мен заңгері Теректі ауданы, Подстепное ауылдық округіндегі Облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия интернатына еңбек заңнамасының орындалуына, сондай-ақ ұжымдық шарттар мен келісімдердің талаптарға сәйкестігіне қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізді.

Тексеру барысында ұжымдық шарт, қызметкерлердің еңбек шарттары мен лауазымдық нұсқаулықтары, ұжымның ішкі еңбек тәртібі және т.б құжаттар жан-жақты қаралды. Сонымен қатар білім беру мекемесінің басшысы мен орынбасарлары, кадр, есепші мамандарына әдістемелік көмек көрсетіліп, құқықтық кеңес берілді.
Қоғамдық бақылау жүргізу барысында уақытша жұмыста болмаған қызметкерді алмастыру мәселесінде кемшіліктер анықталды. Осы мәселеге қатысты Орталық комитетінің құқықтық бөлімінің басшысы Райхан Кыдырбаевамен байланыс орнатылып, №191 бұйрық егжей-тегжей түсіндірілді.
Заңгер жеке мәселелері бойынша келген кәсіподақ мүшелерін қабылдап, толық түсініктемелер мен кеңес берді.
Қоғамдық бақылау жұмыстары бекітілген жоспар бойынша жалғасады.
