Кәсіподақ көшбасшысы мектебі: Нағыз көшбасшы қандай болуы керек?

Сәрсенбі күні, 18 наурызда ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» атты білім беру жобасының кезекті семинары өтті. Айта кетейік, бұл жоба осыдан төрт жыл бұрын басталған. Биыл мектептегі оқу 13 салалық кәсіподақтың 100 белсендісінен құралған жетінші лек үшін ұйымдастырылып отыр.Бұл жолы қатысушылар «Кәсіподақ қозғалысындағы көшбасшының рөлі» тақырыбын талқылап, нағыз басшыға тән басты дағдылар мен қабілеттерді тереңірек меңгерді.

Бұл тақырыпты жобаның авторы әрі үйлестірушісі — ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары Ләззат Есжанова таныстырды. Ол қатысушыларға кәсіподақ жетекшісінің жұмысындағы ең маңызды тұстарды айтып берді. Сондай-ақ диалог барысында өзі қалай ұстау керектігін және жағымды имидж қалыптастырудың тиімді жолдарын түсіндірді.

Ләззат Есжанованың айтуынша, кәсіподақ көшбасшысының негізгі жұмысы — адамдармен тығыз қарым-қатынас жасау. Себебі кәсіподақ қызметінің негізі — қызметкерлерді оқыту, дамыту, оларды басқару және жұмысын қадағалау.

«Кәсіподақ жетекшісі өз бойындағы жақсы қасиеттерін пайдалана отырып, жұмыстың жоғары талаптарына тез үйреніп кетуі керек. Жұмыстың нәтижелі болуы мен кәсіби жетістіктерге жету — шеберлікке, шыдамдылыққа, еңбекқорлық пен алған бетінен қайтпайтын табандылыққа байланысты», — деді спикер.

Ол нақты мысалдар келтіре отырып, адамдармен тіл табысудың заңдылықтарын, жұмысты дұрыс ұйымдастыруды және қиын сәттерде сабыр сақтап, күйзеліске бой алдырмау жолдарын айтып берді. «Кез келген басшының табысты болуы — өз жұмысын ең тиімді жолмен ұйымдастыра алуында. Біз тек үйреншікті бейнеде қалып қоймай, заманауи кәсіподақ менеджері болуды да үйренуіміз керек», — деп толықтырды Ләззат Есжанова.

Спикердің пікірінше, көшбасшының жетістікке жетуіндегі маңызды қадам — оның іскерлік бейнесін дұрыс қалыптастыруы. Осы орайда ол өзіңді таныстыруға арналған «Үш 20 ережесімен» бөлісті.

«Адамдарға жақсы әсер қалдыру үшін 3 нәрсеге мән беру керек: 20 секунд —жылы жүзіңізге, 20 сөз — сөйлеу мәнеріңізге және 20 секунд — өзіңізді ұстауыңызға арналады. Тартымды болыңыз, көп сөйлемей-ақ ойыңызды нық жеткізіңіз және бірден жағымды әсер қалдыруға тырысыңыз», — деді дәріс беруші.

Семинар соңында қатысушылар пайдалы ақпарат үшін алғыс айтып, бұл жиынның іс жүзінде өте маңызды болғанын жеткізді. Олар алған білімдерін күнделікті жұмыстарында міндетті түрде қолданатындарын айтты.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы