Бейсенбіде, 26 наурызда Астана қаласында Қазақстандағы Фридрих Эберт атындағы қордың Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген кәсіподақ қозғалысының жас көшбасшылары мен белсенділері үшін ұйымдастырған «Жастар арасындағы кәсіподақтардың рөлін нығайту: сын-қатерлер мен шешімдер» атты екі күндік семинар өз жұмысын аяқтады.

Екі күн бойы семинар лекторы — PhD докторы, тәуелсіз сарапшы Гүлзи Нәби жастарды кәсіподақ қызметіне тартудың заманауи тәсілдерімен таныстырып, көшбасшылық және коммуникативтік дағдыларды дамыту әдістерін көрсетті, сондай-ақ жастар бастамаларымен және ұжымдарымен жұмыс істеуге арналған практикалық құралдарды ұсынды.

Семинар барысында әдістемелік қолдауды модератор — Қазақстандағы Фридрих Эберт атындағы қордың басшысы Зәуреш Шутова қамтамасыз етті. Ол бағдарламаға жетекшілік етіп, пікірталастарды бағыттап отырды және практикалық кейстерді жүйелі талдауға ықпал етіп, қатысушыларға кәсіподақ саласындағы жастармен жұмыс істеудің заманауи әдістерін тереңірек түсінуге көмектесті. Зәуреш Шутова халықаралық тәжірибе мен заманауи практикаларға ерекше назар аударып, оларды ұлттық контекстке қалай бейімдеуге болатынын көрсетті.

Семинар ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиеваның қатысуымен өткен сертификаттарды тапсыру рәсімімен аяқталды. Өз сөзінде ол семинардың жастардың кәсіби өсуі және кәсіподақ жұмысына заманауи тәжірибелерді енгізу үшін маңыздылығын атап өтті.
«Кәсіподақтар федерациясының Фридрих Эберт атындағы қормен серіктестігі жастардың кәсіби өсуіне және кәсіподақ жұмысына заманауи тәжірибелерді енгізуге мүмкіндіктер туғызады. Жас көшбасшылар кәсіподақ ұйымдарының қызметіне тиімді қатысу, ұжымдармен және цифрлық аудиториямен жұмыс істеу үшін нақты білім мен дағдылар алады», — деді Гүлнар Жұмагелдиева.

Қатысушылардың пікірінше, семинар бағдарламасы жастармен жұмыс істеу туралы жүйелі түсінік алуға, практикалық құралдарды меңгеруге, сондай-ақ тез өзгеретін кәсіби және цифрлық ортада кәсіподақ қызметін ұйымдастыру мен дамытудың заманауи тәсілдерімен танысуға мүмкіндік берді.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
