Қазақстанда еңбекті қорғау жүйесін дамыту және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау шеңберінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтымен» және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) «Тау-кен өндірісі саласындағы еңбек қауіпсіздігі және гигиенасы» атты оқыту бағдарламасы іске асырылуда.

Кезекті екі күндік өңірлік семинар-тренинг бүгін, 26 наурызда Қарағанды қаласында басталды. Семинар “Қорғау” көміршілер кәсіподағының, “Жақтау” металлургтер кәсіподағының техникалық инспекторларының, Қарағанды облысының тау-кен өнеркәсібі кешенінің өндірістегі қауіпсіздікке жауапты басқа да ұйымдары мен кәсіпорындары мамандарының, әлеуметтік әріптестік тараптары өкілдерінің кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға бағытталған.

Семинар қатысушыларына Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев сөз сөйледі.
«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауды, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтауды, сондай-ақ Еңбек адамын әлеуметтік қорғауды күшейтуді дәйекті түрде іске асырып келеді. Бірлескен оқыту семинарларының жүйесі еңбек дауларын азайтуға, сондай-ақ еңбек қатынастарының, ең алдымен өндірістегі қауіпсіздікке қатысты шешімдер қабылдау үшін түйткілді мәселелерді анықтауға ықпал етеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, еңбек қатынастарының барлық қатысушыларын тау-кен өндірісі саласы кәсіпорындарындағы әлеуметтік әріптестер үшін тиімді ұсынымдарды бірлесіп әзірлеуге шақырамын», – деді Мұхтар Тінікеев.

Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелеріндегі бірлескен іс-қимылдардың маңыздылығын “PARYZ” Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы төрағасының орынбасары Шолпан Әбікенова да атап өтті.
Пікір алмасу мен семинардың практикалық бөліміне Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Болат Жұмабеков,“Қазақ көмір кәсіподақ” Көміршілер салалық кәсіподағының төрағасы Марат Мирғаязов және Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының бас техникалық инспекторы Марат Имаш қатысты.

Оқу іс-шарасы барысында қатысушылар еңбекті қорғауды басқарудың заманауи тәсілдерін қарастырып, тау-кен өндірісі секторындағы жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру әдістері мен олардың себептерін талдауды талқылады.
ҚРКФ бас техникалық инспекторы Марат Имаш семинар қатысушыларын еңбек қауіпсіздігі мәдениетін дамытудың үздік тәжірибелерімен таныстырды.

Екі күн ішінде Қарағанды облысы тау-кен өндіру кәсіпорындарының өкілдері еңбек гигиенасы және зиянды факторлардың жұмыскерлер денсаулығына әсері мәселелерін де қарастырады, сондай-ақ сала кәсіпорындарының жұмыскерлеріне берілетін әлеуметтік кепілдіктер мен өтемақылар туралы пікір алмасады.
Семинарды ұйымдастырушылар қауіпсіздік мәселелеріне саналы көзқарасты қалыптастыру және жұмыс орындарында тиімді шешімдерді енгізу тәжірибесіне ерекше назар аударады.

Семинар қатысушыларының айтуынша, алынған білім өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алуда және оларды азайтуда, сондай-ақ тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәдениетін дамытуда маңызды құрал болмақ.
