Ағымдағы жылдың 27 наурызы күні Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Астана» қалалық филиалында кәсіподақ қызметінде жасанды интеллектті қолдану тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты кәсіподақ қызметкерлерінің цифрлық сауаттылығын арттыру және күнделікті жұмыс процестеріне заманауи технологиялық шешімдерді енгізу болды. Іс-шараға филиалдың құрылымдық және мүшелік ұйымдардың төрағалары, белсенділер мен филиал аппаратының мамандары қатысты.

Семинар барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясы Цифрлық технологиялар департаментінің директоры Нұрлан Досымов пен бас сарапшы Әділет Қадірқұл қатысушыларға ресми хаттар, баспасөз хабарламалары, ақпараттық материалдар мен презентациялар дайындауда жасанды интеллектті қолданудың кең мүмкіндіктерін таныстырды.

«Біз цифрлық трансформация дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Жасанды интеллект — бұл жай ғана тренд емес, жұмыс тиімділігін бірнеше есе арттыратын құрал. Кәсіподақ мамандары бұл технологияны меңгеру арқылы бірсарынды жұмыстардан арылып, назарларын мүшелердің құқығын қорғау сияқты маңызды стратегиялық мәселелерге көбірек бөле алады», — деді ол.

Оқыту кезінде кәсіподақтардың күнделікті қызметінде заманауи цифрлық құралдарды практикалық қолдануға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, құжат айналымын автоматтандыру, ақпараттық хабарламаларды жедел дайындау, кәсіподақ мүшелерімен коммуникация сапасын арттыру және ұйымдастырушылық қызметтің тиімділігін көтеру мәселелері жан-жақты қаралды.

«Жасанды интеллект арқылы бірнеше сағат жұмсалатын жұмысты бірнеше минутта аяқтауға болады. Мысалы, кәсіподақ жиналысының хаттамасын өңдеу немесе күрделі заңнамалық актілердің қысқаша мазмұнын дайындау енді әлдеқайда оңай әрі сапалы орындалады», — деп тілге тиек етті Әділет Қадірқұл .
Семинарға қатысушылар тақырыптың өзектілігін атап өтіп, кәсіподақ жұмысын цифрландыру және инновациялық тәсілдерді енгізу бойынша алдағы уақытта да оқуға қызығушылықтарын білдірді.

Семинар қорытындысында жасанды интеллектті қолдану кәсіподақ қозғалысын дамытуға, жұмыс жеделдігін арттыруға және кәсіподақ мүшелерімен өзара іс-қимылды күшейтуге жаңа мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.
