Театр мерекесі: өнер иелері марапат төрінен көрінді

27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай «Бекежанов show: Театр мейрамы» атты мерекелік кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Рухани құндылықтарды ұлықтаған тағылымды шара театр өнерінің қоғамдағы маңызын айшықтап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Кеш барысында сахна мен көрермен арасындағы нәзік байланыстың терең мәні сезіліп, өнердің тәрбиелік әрі эстетикалық қуаты кеңінен көрініс тапты.


Мерекелік жиында театр саласының дамуына үлес қосып жүрген өнер майталмандарына құрмет көрсетіліп, олардың еңбегі лайықты бағаланды. Салтанатты марапаттау рәсімінде Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев сөз сөйлеп, өнер иелеріне алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.


Айта кету керек, мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы сала мамандарының әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғауда, олардың кәсіби беделін арттыруда және шығармашылық бастамаларын қолдауда маңызды рөл атқарып келеді.

 


Шара аясында салалық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» төсбелгісімен костюмер Ляззат Үркінбаева, Салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасымен кіші қызметкер Дина Кайрова, сахна жұмысшысы Дауренбек Калиев, Салалық кәсіподақтың Алғыс хатымен зал қараушы Әйгерім Бақытова, сахна жұмысшысы Болат Көптілеуов, кіші қызметкер – Жарылқасын Аблаев марапатталды. Бұл – театрдың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етіп жүрген жандардың еңбегіне берілген лайықты баға.


Тағылымы мол кеш театрдың тек өнер ордасы ғана емес, рухани тәрбие мен мәдениеттің алтын діңгегі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.