Түркістанда Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті

Бүгін «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлінің төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға салалық және жергілікті кәсіподақтар төрағалары, сондай-ақ аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің қызметкерлері қатысты.

 

Мәжілістің күн тәртібінде келесі мәселелер қаралды: 2026 жылғы 8–9 сәуір күндеріне жоспарланған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Телағысұлы Дәулеталин бастаған делегацияның Түркістан облысына жұмыс сапарына дайындық барысы; Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасы аясында «Әлеуметтік әріптестік: ұжымдық келіссөздер жүргізу, ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу» тақырыбындағы онлайн-семинарға кәсіподақ мүшелерінің қатысуын қамтамасыз ету және басқа да ағымдағы мәселелер.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Бердіғали Өмірәлі сөз сөйлеп, қатысушыларды алдағы жұмыс сапарына дайындық барысы туралы хабардар етті. Мәжіліс барысында іссапар бағдарламасы жан-жақты талқыланып, негізгі ұйымдастырушылық мәселелер пысықталды. Атап айтқанда, делегация мүшелерінің өңірдегі еңбек ұжымдарымен кездесулері, әлеуметтік әріптестік аясындағы диалог алаңдарын ұйымдастыру, сондай-ақ кәсіподақ қозғалысының өзекті мәселелерін көтеру бағыттары нақтыланды.

Сонымен қатар, Бердіғали Өмірәлі бұл сапардың өңірдегі кәсіподақ ұйымдары үшін маңыздылығын атап өтіп, іс-шаралардың мазмұнды әрі тиімді өтуін қамтамасыз ету – ортақ міндет екенін жеткізді.

Келесі мәселе бойынша кеңес мүшелері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасы аясында өтетін онлайн-семинарды талқылады. Оның аясында бастауыш кәсіподақ ұйымдары мүшелерінің қатысуын арттыру, олардың белсенділігін қамтамасыз ету және оқу материалдарын тиімді пайдалану жолдары қарастырылды.

Жиын соңында өзге де ағымдағы мәселелер қаралып, алдағы жоспарларды іске асыру бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.