ҚРКФ төрағасы “Мұнайшы” балалар лагерінде “Таза Қазақстан” акциясына бастамашы болды

Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жанындағы «Мұнайшы» балалар сауықтыру лагерінде болды. Онда ол «Таза Қазақстан» акциясы аясында жаңа аллеяның негізін қалауға мұрындық болды.

Айта кетерлігі, 40 жылдан астам уақыт бойы балалардың жазғы демалысы мен сауығуын қамтамасыз етіп келе жатқан бұл лагерь 2024 жылы толығымен компанияның жергілікті кәсіподағының теңгеріміне өткен болатын. Күрделі жөндеуден өтіп, инфрақұрылымы жаңарғаннан кейін «Мұнайшы» қайта есігін ашып, мұнайшылар балаларының ең сүйікті демалыс орнына айналды.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» жергілікті кәсіподағының төрағасы Самат Сатовтың айтуынша, бүгінде лагерь бір маусымда 2 450 баланы қабылдайды, олардың негізгі бөлігі — компания қызметкерлерінің балалары. Демалыс әрқайсысы 10 күннен тұратын 7 ауысым бойынша ұйымдастырылады.

«Біз компания қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға ерекше мән береміз. Сондықтан ата-аналар жолдама құнының тек 10%-ын ғана төлейді, 20%-ын кәсіподақ, ал қалған 70%-ын жұмыс беруші өтейді. Жаңарған лагерде балалардың алаңсыз демалуы үшін барлық жағдай жасалған: медпункт, кинотеатр, жаңа футбол алаңы жұмыс істеп тұр. Лагерь бағдарламасы балалардың жан-жақты дамуына ықпал ететін мәдени-ойын-сауық шараларына, шығармашылық жобалар мен командалық ойындарға толы», — деді Самат Сатов.

Лагерьдің жаңа демалыс маусымына дайындығымен танысқан соң, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өзімен бірге жүрген әріптестерін — салалық кәсіподақ филиалдарының басшыларын лагерь аумағында жаңа аллея егуге шақырды. ҚРКФ Төрағасының тапсырмасымен қарағай көшеттері бүгін таңертең жеткізілген болатын.

«Республикалық “Таза Қазақстан” акциясын біздің кәсіподақтар барлық жерде қолдап жатыр. Ағаш егудің мағынасы терең. Ағаш егу — жай ғана жұмыс емес, бұл — болашақ ұрпаққа деген қамқорлық. Жалпы, Президентіміздің “Таза Қазақстан” бастамасы — бүкіл елді біріктірген игі іс. Қазір бұл бастама еліміздің түкпір-түкпірінде жүзеге асып жатыр. Шын мәнінде, бұл бір күндік науқан емес. Бұл — біздің еліміздің болашағына деген өз көзқарасымыз. Кәсіподақтар үшін бұл — өзіндік бір “Бірлік күні” іспеттес. Бұл — келер ұрпақ алдындағы аманатымыз, бәрімізді жұмылдыратын ортақ іс. Бүгін мұнда салалық кәсіподақ өкілдері жиналды. Бұл — балалар жүрген жердің гүлденуіне, болашақта үлкен саябаққа айналуына үлес қосу деген ниет. Бұл бастама ұрпақтар сабақтастығының, экологияға деген қамқорлықтың және балалар болашағына қосылған үлкен үлестің белгісі боларына сенімдімін», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақ жетекшісі Самат Сатов бұл бастаманың аяқсыз қалмайтынын, аллеяны әрі қарай «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің өздері күтіп-баптап, үлкейтуге уәде берді.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы