Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Білім беру марафоны» аясында «Әлеуметтік әріптестік және ұжымдық шарт » тақырыбында кезекті онлайн семинары өткізілді. Оған Түркістан облысының кәсіподақ белсенділері қатысты.

Онлайн кездесуді алғы сөзімен ашқан ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары Ләззат Есжанова семинардың барысымен таныстырып, еңбек адамдарының мүдделері мен беделін жан-жақты қорғау мақсатында кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауатты болуының маңыздылықтарына тоқталып, осы орайда кәсіподақ мүшелерін өзара белсенді қатынасуға шақырды.

Кәсіподақтар федерациясының Кәсіподақтық коммуникация орталығының бас сарапшысы Майра Боранбаева әлеуметтік әріптестіктің маңызына тоқталып, ұжымдық шарт жасасудың заңнамалық негіздерін жан-жақты түсіндіріп берді. Спикер өз сөзінде келіссөздер жүргізудің маңызды кезеңдері мен жұмыс берушінің заң алдындағы жауапкершілігіне баса назар аударды.

«Ұжымдық шарт — бұл жай ғана ресми құжат емес, ол жұмыс беруші мен еңбек адамы арасындағы өзара сенімнің берік кепілі. Біздің басты міндетіміз — әрбір кәсіподақ мүшесін өз құқығын заң аясында сауатты қорғауға баулу. Сапалы әзірленген ұжымдық шарт еңбек дауларына жол бермейді және ұжым ішіндегі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады», – деді ол.
Оқу барысында әлеуметтік әріптестіктің тиімді моделін құру жолдары қызу талқыланды. Сарапшы кәсіподақтың араласуымен оң шешімін тапқан нақты еңбек дауларын мысалға келтіріп, практикалық кеңестерімен бөлісті. Қатысушылар өндірістік кеңестердің жұмысын жандандыру мәселелерін талқылап, көкейде жүрген сауалдарына тұшымды жауап алды.

Айта кеткен жөн, «Білім беру марафоны» аясындағы мұндай оқыту шаралары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Бұл бастама еңбекшілердің құқықтық мәдениетін арттыруға, жұмыс орнындағы қауіпсіздікті күшейтуге және ұжымдағы берекелі ахуалды сақтауға қызмет етпек.
