Медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуына арналған семинар өтті

«Senim Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалы құқықтық мәселелерге арналған семинар ұйымдастырды. Семинарды заң ғылымдарының кандидаты, адвокат әрі кәсіби медиатор Елизавета Ахметова жүргізді.
Филиал төрайымы Гүлмира Мұстафаеваның айтуынша, семинардың басты мақсаты – медицина қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, даулы жағдайларда нақты әрі жүйелі әрекет ету дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ олардың құқықтарын тиімді қорғау тетіктерін түсіндіру болды. Сонымен қатар қатысушыларға қылмыстық, әкімшілік және қаржылық жауапкершілікке байланысты тәуекелдердің алдын алу жолдары кеңінен таныстырылды.


Лектор өз тәжірибесінен нақты мысалдар келтіріп, күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдаудың тиімді тәсілдерін ұсынды.
Іс-шара барысында ашық диалог өрбіп, қатысушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Еркін форматтағы пікір алмасу семинардың мазмұнын байытып, оның практикалық маңызын арттыра түсті. Қатысушылар мұндай кездесулердің кәсіби қызметте аса пайдалы екенін атап өтті.
Жиын соңында Е.Ахметова авторлық «Дәрігер үшін құқықтық қорғау және медициналық қызметкерлердің құқықтық қауіпсіздігі» атты әдістемелік нұсқаулығын таныстырып, оны қатысушыларға таратты. Бұл еңбек медицина қызметкерлеріне күнделікті жұмыс барысында туындайтын құқықтық мәселелерді шешуде сенімді көмекші құрал болмақ.