Шымкент қаласында жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамдық тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Осы орайда №48 орта мектебінде «Заң мен тәртіп» тақырыбы аясында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге арнайы қатысқан «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Алтеев оқушылармен және ұстаздар ұжымымен еркін форматта сұхбат құрды.

Кездесудің ең әсерлі сәттерінің бірі – Бауыржан Ілімшаұлының көпжылдық еңбек жолынан алған тәжірибесімен бөлісуі болды. Өз ісінің маманы ретінде ол оқушыларға құқық бұзушылықтың соңы өкінішке әкеп соғатын нақты мысалдарды келтіре отырып, заңды аттап өтудің зардаптарын түсіндірді.

«Менің көпжылдық еңбек тәжірибемде көргенім – тәртіпке бағынған адам ғана биік белестерді бағындырады. Кез келген қателік адам тағдырына кері әсерін тигізуі мүмкін, сондықтан әрбір қадамды ойланып басу керек», – деп атап өткен ол жастарды адал еңбек пен темірдей тәртіпті ту етуге шақырды. Бұл шынайы әңгіме оқушыларға заңның тек қағаз бетіндегі ереже емес, өмірдің қауіпсіздік кепілі екенін терең ұғындырды.
Жиын барысында Бауыржан Ілімшаұлы қоғамдағы заң үстемдігі мен әрбір азаматтың жауапкершілігі туралы да тереңнен толғады. Ол өз сөзінде мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстану туралы тапсырмаларының маңыздылығына тоқталды.

«Заңды білу – міндет, оны құрметтеу – парыз. Біз тек өз құқығымызды талап етіп қана қоймай, қоғам алдындағы міндеттерімізді де жете түсінуіміз керек. Тәртіп бар жерде ғана даму мен береке болады», – деді Б. Алтеев.

Мектеп оқушылары кездесу барысында көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы жауапкершілік, интернеттегі қауіпсіздік және болашақ мамандық таңдаудағы заңдық аспектілер туралы тақырыптар кеңінен талқыланды.
Мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымы мұндай кездесулердің жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға және теріс қылықтардан алыс болуға септігін тигізетінін атап өтіп, ризашылықтарын білдірді.

Бұл шара – қаламыздағы «Заң мен тәртіп» идеологиясын насихаттаудың және кәсіподақтардың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуының кезекті айқын көрінісі болды.
