2026 жылғы 2 сәуір күні Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының мәжіліс залында «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының І сайлау конференциясы өтті. Аталған маңызды жиын аймақтағы денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау бағытындағы кәсіподақ қызметін жаңа деңгейге көтеруге арналды.

Конференция жұмысына ҚР Кәсіподақтар федерациясы Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Жиенәліұлы Қарашолақов, Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Сәрсенбекұлы Назарбек, «QazMed» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алиакпар Болатұлы Матишев, ұйым кеңесшісі Елжан Амантайұлы Біртанов, Түркістан облысынан келген денсаулық сақтау кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Сәкен Арыстанұлы Қатпаев және Жетісу облысы «QazMed» салалық кәсіподағының төрайымы Әсем Талғатқызы Құдайберген қатысты.

Жиынды ашқан Бағлан Қарашолақов кәсіподақ ұйымдарының қоғамдағы рөліне тоқталып, медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғаудағы маңызын атап өтті. Ол өз сөзінде еңбек адамының мүддесін қорғау – кәсіподақтың басты міндеті екенін айтып, конференция жұмысына табыс тіледі.

Келесі кезекте сөз алған «QazMed» РҚБ төрағасы Алиакпар Матишев Жамбыл облыстық филиалдың құрылу және қалыптасу кезеңдеріне тоқталды. Оның айтуынша, филиал 2024 жылы ресми түрде тіркеліп, 2025 жылы ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде өңірдегі медициналық ұйымдарда бастауыш кәсіподақ ұйымдары құрылып, қызметкерлер өз еріктерімен кәсіподақ құрамына кіре бастаған.

Бүгінде Жамбыл облыстық филиал құрамына 29 мекеме бірігіп отыр. Олардың қатарында денсаулық сақтау ұйымдарымен қатар әлеуметтік сала мекемелері де бар. Атап айтқанда, «Белсенді ұзақ өмір орталығы», «Отбасын қолдау орталығы», «Құлан дезинфекция» мекемелері кәсіподақ құрамына қосылған. Қазіргі таңда филиал мүшелерінің жалпы саны 14 761 адамды құрайды.

Жыл бойы филиал тарапынан қызметкерлердің құқықтарын қорғау, еңбек қатынастарын реттеу, әлеуметтік қолдау көрсету бағытында бірқатар нақты жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, ұжымдық шарттардың орындалуын бақылау, еңбек дауларын шешуге ықпал ету, құқықтық кеңес беру, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне материалдық және моральдық қолдау көрсету шаралары жүзеге асырылған. Сонымен қатар, қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған семинарлар мен кездесулер ұйымдастырылды.

Конференция барысында сөз сөйлеген ұйым кеңесшісі Елжан Біртанов кәсіподақтың негізгі міндеттеріне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, медицина қызметкерлерінің еңбекақысының уақытылы төленуі, үстемеақылардың дұрыс есептелуі, еңбек демалысының толық берілуі – басты назардағы мәселелердің бірі. Сондай-ақ, қызметкерлердің ар-намысы мен кәсіби беделін қорғау, еңбек дауларын медиация арқылы шешу – кәсіподақ жұмысының маңызды бағыты болып қала береді.

Конференцияға дайындық жұмыстары 2026 жылдың ақпан айынан басталған. Осы кезеңде филиалға қарасты 29 медициналық мекемеден 80 делегат сайланып, тиісті құжаттар рәсімделген. Бұл өз кезегінде жиынның ашық әрі демократиялық негізде өтуіне мүмкіндік берді.
Күн тәртібіне сәйкес, «QazMed» Жамбыл облыстық филиалының 2025 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп тыңдалып, делегаттар тарапынан қанағаттанарлық деп бағаланды.

Жиынның басты мәселелерінің бірі – филиал төрағасын сайлау болды. Дауыс беру қорытындысы бойынша «QazMed» Жамбыл облыстық филиалының төрағасы болып бірауыздан Нұрлан Оразқұлұлы Махашов сайланды.
Жаңадан сайланған төраға алдағы кезеңде кәсіподақ қызметін одан әрі дамытуға, медицина қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейтуге, әлеуметтік әріптестікті нығайтуға басымдық берілетінін атап өтті.

Жалпы, өткен конференция кәсіподақ ұйымының өңірдегі рөлін арттыруға, сала қызметкерлерінің бірлігін нығайтуға және олардың құқықтық қорғалу деңгейін көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.
