Кәсіподақ көшбасшысы мектебі: Әлеуметтік әріптестік және еңбек нормалары

Бүгін, 3 сәуірде, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасы аясында кезекті онлайн-семинарын өткізді. Бұл білім беру бастамасының негізгі мақсаты — кәсіподақ белсенділерінің кәсіби деңгейін көтеріп, еңбек ұжымдарындағы түйткілді мәселелерді шешу дағдыларын дамыту.

«Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің» оқу бағдарламасы кәсіподақ мүшелеріне заман талабына сай жаңа технологияларды меңгертуге және еңбек қатынастарындағы күрделі жағдайларды реттеудің озық тәсілдерін үйретуге бағытталған.

Кездесуді жоба үйлестірушісі, ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары Ләззат Есжанова ашты. Ол бүгінгі таңда кәсіподақ көшбасшысы тек ұйымдастырушы ғана емес, сонымен қатар білікті келіссөз жүргізуші әрі бітімгер болуы тиіс екенін атап өтті.

Семинар спикері ретінде Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығының заңгері Людмила Голенкова сөз сөйледі. Ол өз сөзінде әрбір еңбек мәселесінің артында адамның, оның отбасының және ұжымның тағдыры тұрғанын атап өтті.

Дәріс тақырыбы — «Әлеуметтік әріптестік құжаттарындағы ҚР еңбек заңнамасы нормаларының дамуы» — Бас келісімнен бастап кәсіпорындардағы ұжымдық шарттарға дейінгі актілердің жүйесін қамтыды.

«Әлеуметтік әріптестік құжаттары — бұл заңның жалпы нормаларын нақты саланың немесе кәсіпорынның ерекшелігіне бейімдеуге мүмкіндік беретін «тірі» құрал. Ұжымдық шарт әлеуметтік кепілдіктер пакетін кеңейтуге, еңбек жағдайларын жақсартуға және қауіпсіздік деңгейін арттыруға тиіс және міндетті», — деп атап көрсетті Людмила Голенкова.

Семинардың соңында қатысушылар өздерін мазалаған сұрақтарды қойып, заң нормалары бойынша нұсқаулықтар алды.

Жиынды қорытындылай келе, жоба авторы Ләззат Есжанова келесі кездесудің уақытын хабарлап, семинарда алынған дағдыларды күнделікті жұмыста белсенді қолдануға шақырды.

Айта кетейік, ҚРКФ «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» білім беру жобасы төрт жылдан бері табысты жүзеге асырылып келеді. Биылғы жылы оқудан жетінші ағын өтуде, оның құрамында 13 салалық кәсіподақтың 100-ден астам белсендісі бар.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы