«Senim» кәсіподағының елордалық филиалында кеңес отырысы өтті

«Senim» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалы Кеңесінің кезекті отырысы өтті. Аталған жиынға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен белсенді мүшелері қатысып, ұйым қызметінің өзекті мәселелерін талқылады.

Кеңес отырысында филиал төрайымы Гүлмира Мұстафаева баяндама жасап, ұйымның өткен жылғы атқарған жұмыстары бойынша жан-жақты есеп берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда филиал құрамында 3 800 мүшені біріктіретін 18 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Есепті кезеңде кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қолдау және сауықтыру бағытында бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, бір мүшеге шетелде ем қабылдауға, сондай-ақ үш азаматқа еліміздегі медициналық мекемелерде емделуге қаржылай көмек көрсетілген. Сондай-ақ, ұйым қызметкерлері арасында ынтымақтастық пен бірлікті нығайтуға бағытталған мәдени-спорттық іс-шаралар өткізілген.

Отырыс барысында филиал мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметіне қатысты өзекті ұйымдастырушылық мәселелер кеңінен қарастырылды. Қатысушылар еңбек қатынастары, әлеуметтік әріптестікті дамыту, қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер мен басым бағыттар айқындалып, нақты ұсыныстар мен шешімдер қабылданды.

Жиын қорытындысында кәсіподақ қозғалысына белсенді қатысып, жоғары нәтижелер көрсеткен бірқатар ұйым жетекшілері марапатталды. Атап айтқанда, «Ең үздік көшбасшы» номинациясымен Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Әсемгүл Тоқтағанова марапатталды. «Сенімді серіктес» номинациясы Көпбейінді медициналық орталығының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ассель Ильясоваға табысталды. Ал «Ең үздік ұйымдастырушы» номинациясы №3 қалалық емхананың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ақжігіт Мермұқановқа берілді.

Кеңес отырысы өзара тәжірибе алмасу мен алдағы жұмыс бағыттарын нақтылауға мүмкіндік беріп, кәсіподақ қызметін одан әрі жетілдіруге серпін берді.