Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар орталығының мәжіліс залында орталық төрағасы Мақсұт Нәлібаевтің төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырысқа салалық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен кеңес мүшелері қатысты.

Күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, 2026 жылдың I тоқсанында атқарылған жұмыстардың қорытындылары, оның ішінде жаңадан құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымдары, өткізілген оқыту семинарлары, әлеуметтік-еңбек қатынастарының жай-күйі, еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік жарақаттану мәселелері, сондай-ақ 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Үйлестіру кеңесіне мүшелікке қабылдау және өзге де өзекті мәселелер күн тәртібіне енгізілді.

Жиын барысында орталық төрағасы Мақсұт Нәлібаев 2026 жылы жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, бұл бағыттағы міндеттер мен алдағы жоспарларды баяндады. Айта кетейік, I тоқсан қорытындысы бойынша салалық кәсіподақ ұйымдарында жаңадан 5 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, олардың қатарына 217 жаңа мүше қабылданды.

Сондай-ақ, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірістік жарақаттанудың алдын алу мәселелері кеңінен қаралып, 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай өткізілетін іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Үйлестіру кеңесінің шешімімен кеңес құрамына жаңадан жергілікті «ҚЭТТК» АҚ оңалту мекемесінің кәсіподақ төрағасы Дінмұхаммед Абдреев қабылданды. Оның кандидатурасы қатысушылар тарапынан бірауыздан қолдау тауып, кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосар үлесі жоғары екені атап өтілді.


Отырыста көтерілген мәселелердің өзектілігі ескеріліп, олардың орындалу барысы алдағы кезеңдерде тұрақты бақылауда болатындығы атап өтілді.
