Жұмыскерлердің еңбек жағдайы – басты назарда

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов Құмкөл кен орнындағы «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы жұмыскерлерінің еңбек жағдайымен танысты.

Вахталық кенттегі жұмыскерлердің өндірістік-тұрмыстық жағдайы туралы компанияның кәсіподақ төрағасы Бақытжан Мұқашева ақпаратпен бөлісті.

“Бүгін вахталық кент объектілерімен таныстым, онда вахташылар үшін қауіпсіздік жөніндегі ақпараттық ортаға ерекше назар аудардым. Бұл тұрғыда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелеріне аса мән беретін «ПетроҚазақстан» компаниясын ерекше атап өткім келеді. 2022 жылы облыс әкімдігі, компания басшылығы және кәсіподақтар орталығы арасында еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік-еңбек жағдайын тұрақтандыру, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы Меморандумдар жасалған. Казіргі таңда вахталық жұмыскерлерге арналған еңбек жағдайына мониторинг жасау арқылы әлеуметтік әріптестік аясында компанияда кәсіподақ ұйымымен бірлескен оң нәтижелі жұмыстарды көріп тұрмыз”, – деп атап өтті М.Бәйімбетов.

Кәсіподақтар вахталық кент басшылықтарымен бірге медициналық бекеттің, асхананың, жұмыскерлердің жатын орындары мен демалыстарын ұйымдастыру нысандары жұмыстарымен танысып, жұмыскерлермен пікір алмасты.