Бірінші сыныпқа баратын балалар үшін мектепке дейінгі дайындықтың өзі үлкен мереке іспетті. «Бар жақсылық – балаларға» демекші, оқу жылы қарсаңында мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен түрлі қайырымдылық қорлары балаларға әртүрлі сыйлықтар әзірлеп, жақсылық жасауға асығып жатады. Солардың бірі – «DENSAULYQ» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі.
Бірлестік жыл сайын «Бірінші сыныпқа бірінші рет!» акциясына белсене қатысады. Кәсіподақ ұйымының төрағасы Сәкен Қатбаевтың бастамасымен акцияға орай биыл да 1 сыныпқа баратын баласы бар отбасыларға сөмкелер таратылды. Онда мектепке қажетті құрал-жабдықтың бәрі де бар. Бірлестік осылайша мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған 251 балаға қуаныш сыйлады. Әсіресе, мектепке баратын күнді асыға күтіп жүрген Болатбек Бақжанның қуанышында шек жоқ.
«Бірнеше күннен кейін бірінші сыныпқа барамын. Сөмкеде керек заттардың барлығы бар. Сабақтың басталғанын асыға күтіп жүрмін», – дейді болашақ оқушы.
Ал, оның анасы Лаура Медеубаеваның кәсіподақ ұжымына деген алғысы шексіз.
«Кәсіподақ ұжымы балама мектепке қажетті заттар толтырылған сөмке берді. Сол күнді асыға күтіп жүрген баламның қуанышында шек жоқ. Қажетті құрал-жабдықтарды алғанымызға қуаныштымыз, мұның өзін үлкен көмек деп білемін», – дейді Бақжанның анасы.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі, олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» деген сөзі бар. Балаларға қолдау жасауды ұдайы назарда ұстаймыз. «Бірінші сыныпқа бірінші рет!» акциясы 2021 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Білім күні – балалар үшін жарқын әрі қуанышты мерекелердің бірі. Сондықтан, олардың алғашқы оқу жылдарының сәтті әрі қызықты өтуіне тілектеспіз!» – дейді «DENSAULYQ» Денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәкен Арыстанұлы.