Кәсіподақ жастары интеллектуалды сайыс ұйымдастырды

Жас мемлекеттік қызметкерлердің білімдерін арттыру, интеллектуалдық біліктілігін жетілдіру және мемлекеттік мекемелер арасындағы байланысты нығайту мақсатында интеллектуалдық сайыс өтті. Оған «Қызмет» салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалының жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері және кәсіподақ жастары қатысып, барлығы 17 адам білімдерін сынады. Олардың қатарында облыстық басқармалардың, аудандық әкімдіктердің жас мемлекеттік қызметшілері және жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері бар.

Жарыста қатысушылар Конституция, өңіріміздің тарихы мен танымал тұлғаларымыздың өмірбаяндары туралы сұрақтарға жауап берді. Филиал басшысы Мухтарита Сағындықова сайыстың негізгі мақсаты жас мемлекеттік қызметшілердің эрудициялық, интеллектуалдық ой-өрісін кеңейту деп баса айтты.

Сайыс нәтижесінде қойылған 30 сұрақтың 23-іне дұрыс жауап беріп, қарсыластарынан оқ бойы озып шыққан Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы Асыланбек Ұлықпанов жүлделі бірінші орынды иеленді. Жеңімпазға салалық кәсіподақ атынан диплом мен естелік сыйлық табыс етілді.