ДЕНІ САУДЫҢ – ЖАНЫ САУ!

Сайрам ауданы білім бөлімі және мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, «Шапағат-педагог» кәсіподақ қызметкерлерінің, Сайрам ауданының білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының ұйымдастыруымен мектеп мұғалімдері арасында қазақ күресінен аудандық «Ұстаз барысы» жарысы өтті.

Додалы жарыстың мақсаты –  қазақ күресінің мәртебесін көтеру, ұлттық рухты қалыптастыру. Педагогтар арасында қазақ күресін дәріптеуге арналған аталмыш доданың аудандық кезеңінде ұстаздар жарыс ережесіне сәйкес, жеті салмақ дәрежесі бойынша күресті. Жекпе-жекке кәсіби балуандар емес, жас ұрпаққа ұстаздық етушілер қатысқанына қарамастан, «Ұстаз барысы» аудандық жарысы барлық ережелерге сай өтті.

Боз кілем үстінде өзара күш сынасқан педагогтар арасынан №83  А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Досжан Юсупалиев –  «Ұстаз барысы» атанды.

Сондай-ақ жеңімпаздар мен қатысушыларға кәсіподақ тарапынан арнайы кубок, медаль, диплом және сый-сияпаттар табыс етілді.