Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының төрайымы Есекенова Айгүл Оразқызы «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының БҚО ұйымы» ҚБ Орал қалалық филиалының төрағасы Темешев Төлегенмен бірлесіп қалалық №6 Жалпы орта білім беретін мектебі ұжымымен кездесті.
Аталмыш кездесу ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Қалың қалай, бастауыш?» акциясы аясында ұйымдастырылды.
А.Есекенова өз сөзінде БҚО «Кәсіподақтар орталығының» жұмысымен таныстырып, «Заң клиникасы», Азаматтарды қоғамдық қабылдау жобалары жөнінде әңгімеледі. Сонымен қатар, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауындағы еңбек адамына, ұстаздар мәртебесіне қатысты бөлімдеріне тоқталып, түсіндіріп өтті.
Т.Темешев өз кезегінде, қала деңгейінде өткізіліп жатқан ғылым және білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының әлеуметтік жобалары жөнінде мағлұмат беріп, ұйымның жұмыс барысымен таныстырды.
Сонымен қатар, оқу ордасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы есеп беріп, мектеп деңгейінде атқарылған шаралармен таныстырып, атаулы әлеуметтік қолдаулар жөнінде қысқаша баяндады.
Жиын соңында мектеп ұжымы кәсіподақ өкілдеріне өз сауалдарын қойып, көкейіндегі сұрақтарға жауап алды. Аталмыш кездесулер әлі де жалғасын таппақ.