Ұстаздар әулеті

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі аяулы әрі білімді шәкірттері. Оқушылардың мектеп табалдырғын аттаған сәтінен бастап, еркелігін көтеретін де, қателігін кешіретін де, өмір сүрудің қыр – сырын үйрететін де – ұстаздар.
Адал еңбегімен елге танылған адамдар қай салада да кездеседі. Бүкіл бір әулеттің атадан балаға берілетін кәсібі арқылы елдің ризашылығына, құрметіне бөленуі сол еңбектің ақталғанын көрсетсе керек. Сондай отбасының бірі – киелі Түркістан өңірінің, Сауран ауданында тұратын Шадибековтер әулеті.


Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылындағы С.Рахимов атындағы жалпы орта мектебінде 20 жылдан астам бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп жүрген Барчинай Шадибекова 1968 жылы 7-қарашада қарапайым отбасында дүниеге келген. Білімі – жоғары, педагог-зерттеуші. Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде білім алған.
Тумысынан жаратылысы бөлек, бекзат та биязы, сезімтал ұстазымыз ғибратты білімімен, өрелі өнегесімен ұрпақ тәрбиесіне, ұлт келешегіне аса үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бүгінде шәкірттері түрлі аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Еңбек етіп келген уақыт ішінде еселі еңбегі елеусіз қалмай, жеткен жетістіктері де аз емес. Қажырлы еңбегінің арқасында әр жылдары қала, облыс әкімдігі мен салалық кәсіподақтың, білім басқармасының түрлі деңгейдегі Диплом, Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен марапатталған.
Сондай-ақ 2019 жылы республикалық ғылыми-әдістемелік «Педагогикалық шеберлік» журналында «Бастауыш сынып оқушыларын ұлттық тәрбиеге баулу» тақырыбында мақаласы жарияланып, мақтау қағазына ие болған.
Барчинай апайымыздың қызы Малика Шадибекова анасының жолын қуып, анасымен бірге бір мектепте 2013 жылдан бастап бастауыш сынып мұғалімі болып абыройлы жұмыс істеп келеді.
Мектепті үздік аяқтап, 2008-2012 жылдары Түркістан гуманитарлық техникалық колледжінде, 2013-2015-жылдары Шымкент университетінде «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша білім алған.
Жұмысына еңбекқорлықпен және ерекше зейінмен қарайды. Мінезі байсалды, әрқашан көмекке келуге дайын. Көпшіл, кез келген тапсырманы жауапкершілікпен орындайды, өзінің кішіпейлдігі, адамгершілігі мол мінезімен ұжымдастарының арасында сыйлы.
Осы салада алға қойған мақсаттарына қол жеткізу жолында 10 жылдан астам табандылық пен ерінбей еңбек етуінің арқасында көптеген жетістіктерге жетті.
Атап айтсақ:
– 2018 жылы Кентау қалалық білім бөлімі қалалық бастауыш сынып мұғалімдері олипиадасына қатысып БАС ЖҮЛДЕ иеленді;
– 2020 жылы Қазақстан педагогтар қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілген республикалық «Тәуелсіз Қазақстанның үздік ұстазы-2020» байқауына ұсынған жұмыстары үздік деп танылғаны үшін диплом және «ПЕДАГОГИКА САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ» төсбелгісімен марапатталды;
– 2022 жылы «Қазақстанның үздік педагогі» республикалық байқауына белсенді қатысып, І орын алғаны үшін дипломмен және 500 000 теңге ақшалай жүлдемен марапатталды.
Бұдан бөлек, аудан, облыс, республикалық олимпиадаларға қатысып жүлдегерлер қатарынан көрініп, әр түрлі Диплом, Құрмет грамоталары мен Алхыс хаттарының иегері атанған.
Сонымен қатар, кәсіподақ саласының дамуына сіңірген еңбегі үшін 2022 жылы «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж.Шайдулланың Құрмет грамотасымен марапатталған.
Сондай-ақ, бірқатар іс-тәжірибелік материалдары облыс, республика көлемінде таратылып, өз кезегінде газет, журналдарға жарияланған.
Осылайша, мұғалім мамандығын қадір тұтқан өнегелі әулет талай буынның санасына білім мен тәрбие дәнін сеуіп келеді. «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – ұстаздыкі» деп, Мағжан Жұмабаев айтқандай, мамандығын мақтанышына балап, бала жанының бағбаны болуға бар күш-жігерін сарп етіп жүрген Шадыбековтер әулетінің алар асулары көп болсын деп тілейміз.