«Кәсіподақ – сіздің қорғаушыңыз!»

Елордада «Еңбек күні» мерекесі аясында және Қазақстан Кәсіподақтары күні қарсаңында Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының өкілдері және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің белсенділері «Кәсіподақ – сенің қорғаушың!» атты ақпараттық қолдау акциясын өткізді.

Акцияның мақсаты – жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-тұрмыс жағдайларын жақсарту бойынша құқықтық қорғау, еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыру.

Кәсіподақ өкілдері қала тұрғындары мен қонақтарына Қазақстан Кәсіподақтарының қызметі, ел дамуындағы еңбек адамдарының рөлі мен орны, олардың мүдделерін қорғау бойынша жүргізіліп жатқан кәсіподақ ұйымдарының жұмыстары туралы түсіндірме жүргізді.

Тұрғындарға кәсіподақтардың қызметі, мекенжайы, байланыс нөмірі көрсетілген ақпараттық буклеттер және «QAZAQSTAN KASIPODAGY» газетінің шығарылымы таратылды.

Қала тұрғындары бірқатар өзекті сұрақтарына жауап алып, ұйымдастырушыларға кәсіподақтардың еңбек адамдарына көрсететін қолдауы мен қамқорлығы үшін ризашылықтарын білдірді.