Кәсіподақ күні қарсаңында кітапханашылар марапатталды

Кітапхана әрқашан білім мұрағаты. Мәдениеттің ең бай қазынасына жол ашып, өмірімізді рухани бай етіп, адамдардың, әсіресе, жастардың бойына биік адамгершілік қасиеттер мен білімге деген қызығушылыққа, тәрбиелеуге үлес қосатын кітапханашылардың орны ерекше.

Қазақстан Кәсіподақтары күні мерекесі қарсаңында Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, ақпарат және туризм қызметкерлері кәсіподағының кеңесшісі Әлібек Саттаров пен заңгері Малина Башарова және Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі»КММ №5 балалар кітапханасында кәсіподақ мүшелерін құттықтады.

Кәсіподақ көшбасшылары осы уақытқа дейін елордалық кітапханашыларға қатысты шешімін тапқан өзекті мәселелерді атап өтіп, алдағы уақытта да еңбек ұжымдарының және әрбір жұмыскердің мүддесін қорғауға әрқашан дайын екендігін жеткізіп, оларға белсенді өмірлік ұстанымы, адал еңбегі үшін алғыс айтты.

Жиында кәсіподақ белсенділеріне Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының наградалары табыс етілді. «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ бас есепшісі Айгүл Баелова «Еңбек озаты» медалі, №7 көпшілік кітапханасының аға кітапханашысы Гүлгаухар Жұмқазиева «Құрмет» грамотасы және №15 көпшілік кітапханасының кітапханашысы Айгүл Етекбаева «Алғыс хатпен» марапатталды.

Сондай-ақ елорда аумағына қарасты Өндіріс кенті №15 көпшілік кітапханасының жетекшісі Сәуле Рахимова салалық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» медаліне ие болды.