ҚАЗАҚСТАН МЕН МОҢҒОЛИЯНЫҢ ҰЛТТЫҚ КӘСІПТІК ОРТАЛЫҚТАРЫ ӨЗАРА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫН НЫҒАЙТУДА

6-7 қазанда ҚР Кәсіподақтар Федерациясы делегациясының Моңғолияға сапары аясында Президент Эрденебат Сухбаатармен және Моңғолия Кәсіподақтары конфедерациясының Бас кеңесінің мүшелерімен кездесулер өтті. Делегация бірқатар кәсіподақ нысандарын да аралады.

Моңғолия Кәсіподақтары конфедерациясының Президентімен және салалық кәсіподақ көшбасшыларымен кездесу аясында ұйымдастырушылық құрылым, кәсіподақтар құрылымы, әлеуметтік әріптестік жөніндегі қызметтің негізгі бағыттары, еңбекақы төлеу, жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, жастар және гендерлік саясат мәселелері талқыланды.

Анықтама үшін: Моңғол Кәсіподақтарының Конфедерациясы 400 мың адамнан тұратын 14 салалық, 22 өңірлік кәсіподақтарды біріктіреді.

Сонымен қатар, көлік, байланыс, мұнай, сауда, білім, денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподақтарымен кездесулер өткізіліп, ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

 

ҚРКФ-ның делегациясы «Гоби» кашемир фабрикасының бастауыш кәсіподақ ұйымына барып, өндіріспен танысты. 2 мың адам еңбек ететін фабриканың кәсіподақ қызметкерлерімен кездесті.

Ұйым қызметкерлер үшін жақсы жеңілдіктер мен кепілдіктерді қамтитын ұжымдық шарт жасады.

Кәсіпорындағы орташа жалақы 500 долларды құрайды. Сондай-ақ, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы мен делегация Кәсіподақтар мәдениет сарайының, Еңбек және әлеуметтік қатынастар институтының жұмысымен танысты.

Қазақстан мен Моңғолиядағы әріптестер екіжақты ынтымақтастық, мүшелік ұйымдардың өзара іс-қимылы мәселелерін талқылады, кәсіподақ жұмысымен және еңбек қатынастарын ұжымдық-шарттық реттеу тәжірибесімен алмасты.