«Ұрпақтар кездесуі» іс-шарасы жалғасуда

«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен 10-қазан Қазақстан Кәсіподақтары күні мерекесі қарсаңында «Ұрпақтар кездесуі» атты салтанатты іс-шара өтті.


Іс-шараға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрған Бейімбетов, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, еңбек жастары өкілдері, әлеуметтік әріптестер, салалық және жергілікті кәсіподақ төрағалары мен кәсіподақ мүшелері қатысты.


Мерекелік жиынды ашқан аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі жиынға қатысушыларды алдағы келе жатқан кәсіподақтар күні мерекесімен құттықтап, «Бүгінгі күні Түркістан облысы кәсіподақтары атынан салтанатты кешті өткізудегі мақсатымыз 10 қазан – Кәсіподақтар күні мерекесін ұлықтау, аймақтың кәсіподақ қозғалысының дамуы жолында ұзақ жылдар еңбек етіп, зор үлес қосқан ардагерлерімізге құрмет көрсету, кәсіподақ ұйымдарында белсенді қызмет еткен азаматтарды кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін марапаттау, мадақтау, сонымен қатар, кәсіподақтар күнін атап өту арқылы осы қозғалысты қоғамда кеңінен насихаттау» – деді.


Сондай-ақ, өз кезегінде сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрған Бейімбетов «Зейнеткерліктегі біздің еңбегімізді бағалап, құрмет көрсетіп жатқан облыстық кәсіподақ орталығының басшылығына шынайы алғысымды білдіремін» – деп, жиынға қатысушыларды алдағы келе жатқан кәсіподақтар күні мерекесімен құттықтап, қазіргі Кәсіподақтар федерациясында жасалып жатқан жұмыстарына жақсы баға беріп, сәттілік тіледі.Іс-шара барысында Түркістан облысының кәсіподақ жұмысына белсенді үлес қосып жүрген бірқатар еңбеккерлер ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Еңбек озаты» медалі және «Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» төсбелгісімен, салалық кәсіподақтардың «Кәсіподақ ардагері», «Еңбек даңқы», «Елеулі еңбегі үшін» медалдерімен марапатталса, бірқатары ҚР Кәсіподақтар федерациясының, облыстық маслихаттың, салалық кәсіподақтардың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болды.


Бұдан бөлек, мерекелік іс-шара барысында салалық және жергілікті кәсіподақ төрағалары, кәсіподақ ардагерлері мен бірқатар марапат иелері құттықтау сөз сөйлеп, осы іс-шараның ұйымдастырушыларына алғыстарын айтып, өз ризашылықтарын білдірді.
Жиын соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, ерекше көңіл күйде тарқасты.