КӘСІПОДАҚ ЖАСТАРЫ СЛЕТІ АЯСЫНДА ТАРИХИ –МӘДЕНИ ОРЫНДАРМЕН ТАНЫСТЫ

10 қазан – ҚР Кәсіподақтары күні қарсаңында Темір ауданында өткен «Қызмет» салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің ауданаралық слёты барысында Мұғалжар, Алға, Байғанин аудандарының кәсіподақ жастары Темір ауданының тарихи-мәдени орындарымен танысты.


Қойнауы тарихқа толы Темір ауданы құнды жәдігерлерге бай екендігі белгілі. Мысалы, 2019 жылы аудан аумағынан табылған «Алтын адам» қорғаны әлемдік сенсацияға айналғанын білеміз. Одан бөлек қалмақ-жоңғар шапқыншылығы дәуірінен сыр шертіп тұрған Қалмаққырған атауларының өзі бұл өңірде көптеген тарихи оқиғалардың болғанының куәсі.
Ауданның басты жәдігерлерінің бірі – Досжан ишан мемориалдық кешені. Соңғы жылдары реконструкциядан өтіп, осы жылдың 7 қыркүйегінде ресми ашылған кешен қазақ даласындағы ислам өркениетінің тарауына айрықша үлес қосқан ұстаз, хазірет, шежіре жинаушы, құрылысшы, егінші Досшан ишан Қашақұлының және оның ұрпақтарының зиратынан, өзі арнайы салдырған мешіттен, 150 балаға арналған медреседен және қонақ күтетін ғимараттан тұрады.
Кешеннің маңы қоршалған, абаттандырылған, жасыл көшеттер отырғызылған, кешенде Досжан ишанның құдығы мен кешен жанында бұлақ көзі бар.
Слётқа қатысушылар кешенді аралап көріп, әрбір нысанымен жіті танысып, кешен шырақшысы ұсынған Досжан ишан туралы терең ақпаратпен қанықты. Аруақтарға құран бағышталып, Ишан құдығы мен бұлақтан тұнық судан ауыз тиді.
Досжан ишан мешітінен, медреседен қалған орын жастарға ерекше атмосфера сыйлап, еліміздің, дініміздің тарихының бір бөлігімен танысуға мүмкіндік берді.
Бұдан кейін слётқа қатысушылар аудандық өлкетану мұражайында болып, өңірдің тарихы туралы құнды мағлұматтар алды.
«Қызмет» салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалы өз мүшелерін өңіріміздің тарихи орындарымен таныстыру үрдісін одан әрі жалғастыра бермек.