ЕҢБЕК АДАМЫ АЙДАРЫНДА – БАСТАУЫШ СЫНЫПТЫҢ БІЛІКТІ ҰСТАЗЫ СӘУЛЕ ҚҰРБАНОВА

Шымкенттік ұстаздар білім саласындағы кез келген жаңашылдықты жылдам еңсеріп, заман ағымына ілесіп келеді. Өскелең ұрпақтың бағдаршамы болған ұстаздар республикада да бас бәйгені еншілейтін шәкірттер тәрбиелеу ісінде де белсенді. Мектеп табалдырығын аттаған балақайлардың алғашқы сауатын жетілдіретін бастауыш сынып мұғалімі Сәуле Құрбанова осы салаға 35 жылын арнаған тәжірибелі маман.


Біліктілігі жоғары ұстаз бүгінде Д.И.Менделеев атындағы №15 лицейде қызмет атқарады. Еңбек жолында жиналған тәжірибесін жас мамандармен бөлісуді жөн көріп, бірқатар әдістемелік құрал жазып шыққан. Сәуле Исматқызы сабақ беру әдісінде әртүрлі пәндерді бір-бірімен байланыстырып, оқушылардың функционалдық сауатын дамытуға көңіл бөледі. Мұндай тәсіл шығармашыл тұрғыда ойлауға, өз ойын еркін жеткізетін, сараптама жасай алатын және үнемі ізденісте жүретін тұлғаны қалыптастырады.
Бастауыш сыныптарға арналған «Эрудит» олимпиадасында қалалық кезеңіндегі тапсырмаларын біздің кейіпкеріміз құрастыратынын да айта кетейік. Осындай шығармашылығы шыңдалған ұстаздың озық шәкірттері ел көлеміндегі білім сайыстарында биік шыңнан көрініп жүр.


Соңғы екі жылда 1 оқушысы Халықаралық олимпиадада жеңімпаз болса, 5 шәкірті республикалық интелектуалды білім бәйгесінде топ жарған. Осындай дарынды бала тәрбиелеген ұстаздың өзі «Пән олимпиадасының үздік педагогы» және «Daryn.online» порталында өткен «Кемеңгер ұстаз» байқауында жеңімпаз атанған. Қазақстанның педагогикалық академиясы атынан республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» мұғалімдер байқауында да жеңіс тұғырынан көрінді.
С.Құрбанованың үздік білім берудегі еңбектері еленіп, бұған дейін Құрмет граммотасы мен «Қазақстанның ұлағатты ұстазы» төсбелгісімен марапатталған.