Кәсіподақ белсенділері марапатталды

Құрылыс кешені мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Астана» қалалық филиалы Қазақстанның Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты жиын өткізді. Оған Филиалдың құрылымдық және мүшелік ұйымдарының кәсіподақ көшбасшылары мен Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының өкілдері қатысты.

Филиал төрағасы Тілеулес Мадьярова кеңеске қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, әлеуметтік әріптестіктің негізгі факторларын, жаңа Қазақстанның құрылысындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін атап өтті.

Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин Кәсіподақтар федерациясы қызметінің басым бағыттарын атап өтіп, қатысушыларды мерекемен құттықтады.

Кездесуде филиал төрағасы қатысушыларды халықаралық кәсіподақ ұйымдарымен өзара іс-қимылы туралы хабардар етті. Халықаралық ынтымақтастықты нығайту және тәжірибе алмасу мақсатында филиал өкілдері Минск қаласына іссапармен барып, Самарқанд қаласында өткен «Құрылысшы» халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Кеңесінің отырысына қатысты, онда әлеуметтік саланы дамыту мәселелері, кәсіподақ кадрларын оқыту, жастар саясатын жүзеге асыру және қоғамдық бақылау мәселелері талқыланды.

Халықаралық форумға қатысушылар сапар барысында алған әсерлерімен және тәжірибелерімен бөлісті.

Шара аясында бірқатар өндіріс озаттары мен әлеуметтік әріптестер марапатталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Еңбек Ардагері» медалімен – «Астана-Теплотранзит» АҚ кабельдік желілерді жөндеу және монтаждау жөніндегі электромонтері Сансызбай Ахмедин және аталған министрліктің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының құрметті қызметкері» төсбелгісімен – «Астана-Теплотранзит» АҚ жылу желілерін пайдалану қызметінің басшысы Жаңабай Қасымов; Кәсіподақтар федерациясының «Еңбек озаты» медалімен – «Астана су арнасы» КМК МКҚК бас механик қызметінің жүргізушісі Аманжол Сыздықов; салалық кәсіподақтың «Елеулі еңбегі үшін» белгісімен – «Астана-Зеленстрой» ЖШС-нің абаттандыру шебері Тимирбекова Меңдігүл марапатталды.

Сондай-ақ, кәсіподақ ұйымының сайланбалы органдарының бірқатар ерекше құрметті мүшелеріне – жоғары кәсібилігі және кәсіподақ қозғалысына белсенді қатысқаны үшін Федерацияның және салалық кәсіподақ ұйымының грамоталары және алғыс хаттары табысталды.