«Қызмет» салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалы Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасымен бірлесіп «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері мен кәсіподақ жастарының қатысуымен «Қазақша QUIZ» интеллектуалдық сайысының облыстық кезеңін өткізді.
Облыстық кезеңге ауданаралық кезеңдерден жеңімпаз атанған Темір, Әйтеке би, Хромтау аудандарының командалары, қалалық бастауыш ұйымдарының жастарынан құралған құрама команда және «Келешек» жастар кеңесінің командасы қатысты.
Сайыс 6 турдан тұрды, қазақи салт-дәстүрлерден, қазақ тарихынан, сонымен қатар кәсіподақ туралы сұрақтардан құралған әр турдың өзіндік ерекшеліктері болды. Әсіресе, қазақ кинотуындылары кейіпкерлерінің, белгілі әртістердің, танымал жұлдыздардың дауыстарын жасырған аудиосұрақтар жастарды біраз қинады. Жалпы сайыс өте әсерлі әрі қызықты өтті.
Дегенмен де «Бірлік бар жерде жеңіс бар» дегендей командалық ауызбіршілікті көрсететін сайыста белсенділік танытып, өздерінің зияткерлік деңгейлерін көрсетіп, қалған қатысушылардан оқ бойы озып шыққан Темір ауданының жастары интеллектуалдық сайыстың жеңімпазы атанып, «Қызмет» салалық кәсіподағының облыстық филиалы тіккен 100 000 теңге жүлдені қанжығаларына байлады және сайыстың республикалық кезеңіне жолдама алды.