Қазанның соңғы жексенбісінде Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні атап өтіледі.
Ағымдағы жылдың 26 қазанында Астана қаласы бойынша «Қызмет» салалық кәсіподақ филиалының төрағасы Атақозы Нұрланов Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау қызметкерлері күнін мерекелеуге орай Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының салтанатты іс-шарасына қатысты.
Қатысушыларды кәсіби мерекесімен құттықтаған А. Нұрланов: «Әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі адамгершілік пен мейірімділікке толы. Сіздер мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламаларын жүзеге асырып, халықтың әлеуметтік осал топтарымен аса тиянақтылықпен жұмыс жасайсыздар. Бұл оңай жұмыс емес, мұны біз өзіміз білеміз. Сіздерге сәттілік пен тыныштық тілеймін. Сіздер өз міндетіңіздің бөлігі ретінде қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарды қорғайсыздар. Ал біз, кәсіподақ, сіздердің құқықтарыңызды қолдаймыз», – деп атап өтті.
Сондай-ақ, елордалық филиал басшысы әлеуметтік сала қызметкерлеріне әлеуметтік әріптестік аясындағы бірлескен жұмысы үшін алғыс білдіріп, кәсіподақ жұмысына белсенді қатысқаны, көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі үшін және Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің Күнін мерекелеуге байланысты марапаттар табыстады.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Еңбек озаты» медалімен Астана қаласы әкімдігінің «Демеу» әлеуметке қосу орталығы КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Сәния Шайкенова, Астана қаласы әкімдігінің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ директоры Назарбек Көкен, Астана қаласы әкімдігінің «Үміт» дағдарыс орталығы» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Орал Әлімбаева марапатталды.
«Қызмет» салалық кәсіподағының «Кәсіподақ қайраткері» медаліне Астана қаласы әкімдігінің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Айнұр Майханова, Астана қаласы әкімдігінің «Қарттарға, мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған оңалту орталығы» ШЖҚ МКК бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Әсел Әлішева, Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя отбасы институтын қолдау орталығы» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнәр Ахметжанова, «Астана қаласының еңбек мобильділігі орталығы» КММ кәсіподақ мүшесі Айнұр Омарбекова ие болды.
Сонымен қатар, әлеуметтік саланың бастауыш кәсіподақ ұйымдарына естелік сыйлықтар табыс етілді. Салтанатты шара концерттік бағдарламамен аяқталды.