Бүгін, 27 қазанда ҚР Кәсіподақтар федерациясы жанындағы «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасының екінші онлайн-кездесуі өтті. Оның басты мақсаты – бастауыш кәсіподақ белсенділерінің кәсіби шеберлігін арттыруға жәрдемдесу болып табылады
Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің білім беру курсы кәсіподақ көшбасшыларына заманауи жағдайда жұмыс істеу үшін жан-жақты кәсіби дағдылар мен технологияларды беруге арналған.
Кездесуді ҚРКФ Ұйымдастыру және бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова ашты. Ол іс-шараның негізгі мақсаты кәсіподақ мүшелерінің құқықтық мәдениеті мен біліктілігін арттыру болып табылатынын атап өтті.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева кәсіподақ идеяларын табысты ілгерілету және еңбек ұжымдарында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін кәсіподақ активін оқытудың маңыздылығын атап өтті.
«Кәсіподақ жетекшілері қандай дағдыларға ие болуы керек, олар не істеуі керек – бұл өте маңызды мәселе. Жалпы, көшбасшылар туралы айтатын болсақ, кәсіподақ жетекшісі – ұйымның өзінде үлкен беделі мен ықпалы бар адам. Сіздің алған дағдыларыңыз әрі қарайғы қызметіңізде көмектеседі деп сенемін. Білім беру – ҚРКФ-ның басым бағыттарының бірі. Бүгінде кәсіподақ жетекшілері бәсекеге қабілетті болуы керек»,-деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.
Лектор Қазақстан Республикасындағы кәсіподақтар туралы заңға сәйкес кәсіподақтар қызметінің құқықтық негіздері мен кепілдіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Кәсіподақтардың қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілермен, ҚР заңнамалық актілерімен таныстырды. Ол кәсіподақтар құру және олардың қызметі, кәсіподақтардың халықаралық байланыстары, кәсіподақ жарғысы, кәсіподақты тіркеу, қайта құру және тарату туралы айтты.
Іс-шара барысында қатысушылар аталмыш тақырыптардың қыр-сырымен танысып, өз сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Жобаның авторы және үйлестірушісі, ҚРКФ Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова семинарды қорытындылай отырып, келесі семинар тақырыбын мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, ҚРКФ «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» білім беру жобасы екі жыл бұрын басталған болатын. Биылғы жылы мектепте оқу Қазақстанның көлік және тау-кен металлургия кәсіпорындарының кәсіподақ белсенділерінің қатарынан төртінші тыңдаушыларды қабылдау үшін ұйымдастырылды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы