Күн тәртібінде – кеншілердің мүдделері

Қарағанды облысының кәсіподақ көшбасшылары кеншілерді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповамен толғандыратын мәселелерді талқылады.

Кездесу Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығында өтті. Онда көмір кәсіпорындарының өкілдері мен кәсіподақ жетекшілері кеншілердің өзекті мәселелерін көтерді.

Атап айтқанда, кеншілердің 50 жасында зейнетке шығуын қамтамасыз ету және зиянды, қауіпті ,ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істей отырып, денсаулығын жоғалтқан регрессиялық мүгедектерді әлеуметтік қолдау туралы сөз болды.

Өз кезегінде Светлана Жақыпова жақын арада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі “АрселорМиттал Теміртау” АҚ Көмір департаментінің барлық қызметкерлерінің толық деректерін электрондық еңбек шарттарына енгізу,шахта қызметкерлерінің 50 жасында зейнетке шығуы туралы мәселені одан әрі қарау үшін қажетті алдын ала есептеулер жүргізу, жұмысшылардың нақты санын және жұмыс істейтін шахтерлерге төленетін төлемдердің болжамды сомасын анықтау жөнінде ұсынымдар жолдайтынына сендірді

Оның айтуынша, бүгінгі күні Парламент Мәжілісіне зиянды, қауіпті және ауыр еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің барлық санаттары үшін тиісті әлеуметтік кепілдіктермен 55 жастан бастап зейнетке шығу құқығын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар енгізілген.

Кәсіподақ көшбасшылары кеншілердің еңбек жағдайларын жақсартудың маңыздылығын айтып, кеншілердің ауыр мәселелерін шұғыл шешу қажеттігін мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, 28 қазан күні Қарағанды облысының Костенко атындағы шахтада газометан жарылып, 46 кеншінің өмірін қиды.

1995 жылдан бүгінгі күнге дейін Қазақстанның көмір саласындағы апаттардың салдарынан 200-ге жуық адам қаза тапқан.

Елде 122 көмір өндіруші шахта бар, онда 27 597 қызметкер,оның 8 мыңы жер асты жағдайында істейді.

Бұған дейін Кәсіподақтар федерациясы қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, өндірістік қуаттарды жаңғырту, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша тиісті жағдайларды қамтамасыз етпегені үшін жұмыс берушінің жауапкершілігін заңнамалық деңгейде күшейту, сондай-ақ зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін зейнетке шығу жасын төмендету мәселелерін кідіріссіз шешу жөнінде бірнеше рет бастамалар көтерген болатын.