Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы тау-кен құтқарушыларына қажетті құқықтық көмек көрсетеді

3 қараша, жұма күні ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тиникеев бастаған ҚР Кәсіподақтар федерациясының өкілдері Қарағандыда «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС («КӘАҚҚ РОШ») басшылығымен кездесті. Талқылаудың басты тақырыбы – «КӘАҚҚ РОШ» басшылығы тарапынан оларға қысым көрсеткені туралы мәлімдеген тау-кен құтқарушылар жағдайы.

Кездесу барысында «КӘАҚҚ РОШ» Бас директоры Диас Мағзұм мен «КӘАҚҚ РОШ» Қарағанды филиалының директоры Даханбек Сатылғановқа әлеуметтік желілерде мәлімдеме жасаған тау-кен құтқарушыларына қатысты қудалауға жол бермеу бойынша Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұстанымы жеткізілді.

Естеріңізге сала кетейік, Костенко атындағы шахтадағы апаттың салдарын жою жұмыстарымен айналысатын тау-кен құтқарушылары бейне сұхбатында өздерінің еңбек жағдайлары туралы айтып берді. Бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Осыдан соң тау-кен құтқарушылары сұхбаттан кейін Костенко атындағы шахтада құтқару жұмыстарын жүргізуден шеттетілгенін айтты.

ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тиникеев «КӘАҚҚ РОШ» басшылығын тау-кен құтқарушылар кәсіподағының төрағасы Алексей Головчиц бастаған еңбек ұжымының өкілдерімен келіссөзді бастауға шақырды.

«Тау-кен құтқарушылары оларды заманауи жабдықтармен, арнайы киіммен жарақтандыру бойынша және жалақыны көтеру туралы талаптар қояды. Келіссөздер процесін бастау керек. Кәсіподақтар федерациясының өкілдері келіссөздерге қатысуға дайын», – деп атап өтті Мұхтар Тиникеев.

«Казуглепроф» салалық кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязов пен Қарағанды облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Болат Жұмабеков штаб басшылығы мен еңбек ұжымы арасындағы келіссөздер процесіне жәрдемдесуге дайын екендіктерін атап өтті.

Өз кезегінде «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС Бас директоры Диас Мағзұм тау-кен құтқарушыларының ешқайсысы қудаланбайды және жұмыстан босатылмайды, шешуді талап ететін негізгі мәселелерді анықтау үшін қызметкерлер өкілдерінің қатысуымен бірлескен жұмыс тобы құрылады деп сендірді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының өкілдері де тау-кен құтқарушылар тобымен кездесті. Әңгімелесу барысында Мұхтар Тиникеев қызметкерлердің талаптарын қолдап, кәсіподақтар Федерациясы тау-кен құтқарушыларына қажетті заңгерлік және консультациялық көмек көрсететінін атап өтті.

Бұған дейін ҚР Кәсіподақтар федерациясының өкілдері Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабын Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымына қайтару туралы мәлімдеген болатын. Бұл бастаманы Мәжіліс депутаттары Арман Қалықов пен Никита Шаталов қолдады.