Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен «Әлеуметтік әріптестік. Ұжымдық шартты әзірлеу және жасау» тақырыбында кезекті онлайн оқу-семинары өтті. Оның тыңдаушылары Жамбыл, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының кәсіподақ активтері мен белсенді кәсіподақ мүшелері болды.
Онлайн-семинарды ҚР Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыру және бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова ашты. Ол осы семинардың негізгі мақсаты кәсіподақ мүшелерінің құқықтық мәдениеті мен біліктілігін арттыру болып табылатынын атап өтті.
«Біздің басты мақсат – еңбеккерлердің лайықты жұмыс жағдайын жасау. Кез келген кәсіподақ ұйымының табысты жұмысының кепілі – еңбек заңнамасын білу және оны кез келген жағдайда дұрыс қолдана білу. Ал бүгінгі семинар кәсіподақ қызметінің өзекті аспектілері бойынша практикалық дағдылар мен ұсыныстар білдіруге, пікір алмасуға және одан әрі жұмыстың келешегін анықтауға мүмкіндік береді», – деді Ләззат Есжанова.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының лекторлар пулының спикері Хансейіт Бөлен әлеуметтік әріптестік қызметінің еңбек заңдылықтары, әлеуметтік әріптестіктің тараптары мен оның негізгі жұмысының бағыты жайында жан-жақты түсіндіріп берді.
Сондай-ақ семинардың спикері ұжымдық шарт – ұйымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін, жұмыскерлер мен жұмыс беруші арасында жасалатын құқықтық акт екенін атап айтты. Сонымен қатар, ұжымдық щартты әзірлеу, ұжымдық шарттың мерзімі, оған толықтырулар мен өзгерістер енгізу бағытында қатысушыларға егжей-тегжейлі түгел түсіндіріп берді.
Семинар барысында Хансейіт Бөлен қатысушылардың әсіресе, ұжымдық шартты жасаудағы өзекті мәселелер мен оның жұмыскерлерге, кәсіподақ мүшелеріне беретін пайдасы жайында қойған сұрақтарына нақты жауап берді.
Айта кетейік, бұл онлайн – семинарға денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет, спорт және ақпарат жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының кәсіподақ мүшелері мен кәсіподақ белсенділері қатысты.
Алдағы уақытта осындай онлайн оқу-семинарлар еліміздің барлық өңірлерінде әр апта сайын жалғасатын болады.