Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаевтың төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Отырысқа Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов және ҚР Жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) ұлттық конфедерациясының, құрылыс компанияларының, қалалық прокуратураның, полиция департаментінің өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде еңбек қауіпсіздігі мәселесі қаралды. Жыл басынан бері елорда кәсіпорындарында жазатайым оқиғалардан 53 қызметкер зардап шегіп, соның ішінде 15 жұмысшы қайтыс болды және 38-і ауыр жарақат алды.
«Жазатайым оқиғалардың 86% құрылыс нысандарында орын алып отыр. Бұған себеп, өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау ережелерін сақтауға тиісті көңіл бөлінбеуі. Атап айтқанда, уақытша қорғаныш қоршауларының, ұстағыштардың болмауы, плиталардың шетінде құрылыс материалдарын сақтауы, ашық саңылаулардың болуы, жұмысшылардың толықтай жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмеуі (қауіпсіздік каскасы, сақтандыру арқандары, арнайы киімдер), баспалдақ марштарында уақытша қоршаулардың болмауы және т.б.»,-деді мемлекеттік еңбек инспекторы Ерлан Исмағұлов.
Айта кетерлігі, Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының өкілдері мемлекеттік инспекторлармен бірлесіп жазатайым оқиғалар орын алған, соның ішінде жұмыскер қаза тапқан өндіріс орындарына жедел түрде барып, толыққанды зерделеу жұмыстарын жүргізеді, оның себебін анықтауға қатысады. Осы жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеу материалдары полиция департаментіне беріледі.
Отырыс соңында комиссия төрағасы қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жазатайым оқиға болған объектілердегі жұмысты тоқтата тұру, өндірістік жарақаттанудың алдын алу және азайту мақсатында қаланың құрылыс объектілеріне шығуды жалғастыруды;
Қалалық прокуратура және полиция департаментіне орын алған жазатайым оқиғаларға кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту үшін заңнамада белгіленген тәртіппен және өндірістік жарақат алу фактісін жасырған жұмыс берушілерді жауапқа тарту үшін шаралар қабылдауды;
Кәсіподақ орталығына құрылыс нысандарындағы жұмыскерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын одан әрі жүргізуді тапсырды.