Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында аймақтағы өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлерімен және өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен кездесу өткізді.
Кедесуде министр зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем тағайындаудың негізгі тәсілдері туралы айтты. Сонымен қатар еңбек ұжымдарымен өндірістегі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Министр арнайы төлем алуға құқылы жұмыскерлер саны жыл сайын арта түсетінін де атап өтті.
Кездесу Тараз қаласында, «Казфосфат» ЖШС-нің «Минералды тыңайтқыш зауыты» ғимаратының мәжіліс залында өтті. Іс-шараға ҚР Еңбек министрлігінің еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – Қазақстанның Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов, жергілікті атқарушы органдардың, Жамбыл обылыс кәсіподақтар орталығының төрағасы, кәсіподақ ұйымдарының жетешілері, «Жамбыл Электр Жүйесі» ЖШС, «Таразкожобувь» ЖШС, «Запчасть» АҚ, «Таразтрансэнерго» МКК, «Жамбылгипс» АҚ, «Тараз метеллургиялық зауыты» ЖШС, «Жамбыл ГРЭС» АҚ қызметкерлері, жалпы 250-ге жуық адам қатысты.
Светлана Жақыпова өз сөзінде бұл кездесу Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру бойынша жүргізілген жұмыстарды түсіндіру үшін өткізіліп жатқанын атап өтті. Осылайша, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету мақсатында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленді.
«Атап айтқанда, жұмыс орнында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа моделін енгізу, кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша сақтандыру тарифін саралау, Кәсіпорындардың цифрлық картасын құру және еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылау мен мониторингтің проактивті форматын енгізу және т.б. ұсынылады», – деді министр.
Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және әлеуметтік әріптестермен бірлесіп арнайы әлеуметтік төлемді енгізуді көздейтін заңнамаға түзетулер топтамасын әзірледі. Тиісті заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісі қабылдады.
«Арнайы әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың міндетті шарттары мынадай: 55 жасқа толу және соңғы 7 жылда БЖЗҚ-ға кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы. Арнайы әлеуметтік төлем бірнеше компоненттен тұрады және төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнайы кәсіптік жәрдемақы; өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде; жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен. Бұдан басқа, жұмыскерлерге БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен төлемдер алу құқығы беріледі», – деді Светлана Жақыпова.
«Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауыса алады, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнетке шыққанға дейін арнайы төлемдер алады.
Кездесу барысында Светлана Жақыпова Жамбыл облысының кәсіподақ өкілдері мен жұмысшылардың сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап беріп, БАҚ-қа сұхбат берді, сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдады.
Жамбыл облысы кәсіподақтар
бірлестігінің баспасөз қызметі