Бүгін, 22 қарашада ҚР Кәсіподақтар федерациясы жанындағы Кәсіподақ көшбасшысы мектебі жобасы аясында «Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар» тақырыбында кезекті онлайн оқу-семинары өтті.
Кездесуге аша отырып, ҚРКФ ұйымдастыру және бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова кәсіподақ көшбасшысы мектебінің міндеттері кәсіподақ көшбасшыларына күнделікті кәсіподақ қызметінде қажетті білім алуға жәрдемдесуге, оларға кәсіподақ мүшелерін құқықтық қолдаудың өзекті мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетуге бағытталғанын еске салды.
«Кәсіподақ белсенділерінің құқықтық мәдениетінің жоғары деңгейін қалыптастыру-жаңа кәсіподақ идеологиясын ілгерілету тұрғысынан маңызды міндеттердің бірі» , – деді жобаның авторы Ләззат Есжанова.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры Тимур Нұғманов 2021-2023 жылдары еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер, заңдар, құқықтық реттеудегі олқылықтар және оны жетілдірудің мүмкін жолдары жайында жан-жақты түсіндіріп берді.
«Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеудің құқықтық реттелуін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы аясында қашықтан жұмыс қалай жүргізілетіні, жұмыс кезіндегі жұмыс беруші мен қызметкер тараптарының міндеті мен құқығы, жұмыс берушінің актісі, жұмыс уақыты және жұмысшы төлемақысы жайында сөз етті.
«Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қызметкерлердің жалақысына қатысты ұсынысты мақұлдады. Заң нормаларына сәйкес (Еңбек кодексінің 138-бабының 6-тармағы) қашықтықтан жұмыс істеу кезіндегі жалақы қызметкердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігі мен сапасына байланысты толық мөлшерде төленеді», – деді Тимур Нұғманов.
Тақырыпты одан әрі дамыта отырып, еңбек даулары мен жанжалдарды шешу тәртібін оңайлату, әлеуметтік қамсыздандыру, қауіпсіз еңбек жағдайларын жақсарту және жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелері және ҚРКФ әзірлеген «Әлеуметтік әріптестік туралы» ҚР Заңы жайында толық мағлұмат берді. Сондай-ақ, қоғамдық бақылау бойынша ұсыныстар және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесін арттыруда Кәсіподақтар федерациясының рөлін атап өтті.
«ҚР Кәсіподақтар Федерациясының қоғамдық бақылауды күшейту және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың мәртебесін арттыру жөніндегі ұсыныстары ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2025 жылға дейінгі Қазақстан Республикасында қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарында және 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында көрініс тапты.Қазіргі уақытта әлеуметтік әріптестермен бірлесіп Қазақстан Республикасында қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын 2025 жылға дейін және қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын 2030 жылға дейін іске асыру бойынша жұмыс жалғасуда.Кәсіподақтар федерациясының заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмысы жалғасуда», – деді лектор.
Семинарда кәсіподақ белсенділері тәжірибесінен түрлі жағдайлар бойынша пікір алмасу өтті.Қатысушылар қолданыстағы еңбек заңнамасының жекелеген ережелерін түсіндіре отырып, барлық қызықтырған сұрақтарға толық жауап алды.
Айта кету керек, Кәсіподақ көшбасшысы мектебі Кәсіподақтар федерациясының жаңа оқу жобасы болып табылады. Жобаға қатысушыларды іріктеу олардың соңғы 2019-2023 жылдарға кәсіподақ ұйымдарының басшылары болып сайлануын ескере отырып жүзеге асырылады.
Кәсіподақ көшбасшысын оқыту курсы 3 айға немесе 36 академиялық сағатқа есептелген, ол жұмыс жоспарына сәйкес аптасына 2 рет өткізіледі.
Оқу курсының соңында тыңдаушыларға Кәсіподақ көшбасшысының мектебін аяқтағаны туралы сертификаттар беріледі.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы