Заңсыз еңбек миграциясы әлеуметтік шиеленіске әкелуі мүмкін

Қазақстан аумағында жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен 14 534 шетел азаматы еңбек етеді. Соның ішінде 5 мыңдай адам құрылыс саласында еңбек етіп жүр. Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. Биыл республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 22 260 адам рұқсат алған. Дегенмен еш статистикаға енбей, көлеңкеде қалған жұмыскерлер көп екенін айтады Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы, Қоғамдық кеңестің мүшесі Төлеген Күнәділов.

Жақында Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері сыртқы және ішкі көші-қон процестерін бақылауды, шетел азаматтарының белгіленген ережелерді сақтауына іс-шараларды жүзеге асыратын Астана қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының жұмысының жағдайымен танысты.

«Тәжірибе көрсеткендей, ауыр жүктеме мен қызметкерлердің жетіспеушілігіне байланысты көші-қон жұмысы қанағаттанарлықсыз жүргізілуде. Себебі, көші-қон қызметі басқармасының штаты 2003 жылы халық саны 400-500 мың адам болған кезде бекітілген. Қазіргі уақытта елорда халқының саны шамамен бір миллион төрт жүз мың адамды құрайтынын ескерсек, көші-қон қызметінің бір қызметкері күніне 150-ден 200 адамға дейін қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, 2020 жылы Астана қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының заңсыз көші-қонмен күреспен тікелей айналысатын 50 қызметкері қысқартылып және олардың функциялары учаскелік полиция қызметкерлеріне берілген»,- деп толықтырды Т.Күнәділов.

Оның айтуынша, елордадағы еңбек заңнамасының сақталуына, жұмысшылардың қауіпсіз еңбек жағдайларына мониторинг жүргізу, сондай-ақ әлеуметтік шиеленіс фактілерін және құрылыс нысандарында тіркелмеген шетелдік жұмысшыларды анықтау мақсатында ағымдағы жылдың 26 наурызында аранйы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына кірген Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының өкілдері 20-дан астам құрылыс нысандарын аралады. Мониторингті жүзеге асыру барысында құрылыс нысандарының жұмыскерлері аз еңбекақыға келісетін шетелдік жұмыс күштері айтарлықтай жұмыс көлемін алып жатыр деп шағымданды. Бұл  монолитшілер, тас қалаушылар және мұнара крандарының машинистері тарапынан бірнеше рет стихиялық наразылықтарға әкелді. Құрылыс саласындағы осы жағдай бүгінгі күнге дейін өзекті болып отыр.

Жалақының төмен деңгейіне байланысты кадрлардың тұрақсыздығы байқалады. Көші-қон қызметі басқармасы қызметкерлерінің орташа жалақысы 180-200 мың теңгені құрайды. Қызметкерлер «пәтер үстемақысын» алмайды. Астана қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы орналасқан әкімшілік ғимарат қойылатын талаптарға, оның ішінде халыққа қызмет көрсету үшін санитарлық талаптарға сәйкес келмейді,-деп атап өтті Т.Күнәділов.

Осы ретте Қоғамдық кеңестің мүшелері Астана полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының штаттық санын көбейту, қызметкерлерге лайықты еңбек жағдайын жасау және әлеуметтік қолдау көрсету мәселесін көтеріп отыр.

«Көші-қон саласындағы жұмысты жандандыру үшін, жоғарыда аталған түйткілді мәселелерді шешу жөнінде Қоғамдық кеңестің атынан қала әкімдігіне ұсыным хат жіберілді»,- дейді Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов.