Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Қарағанды облысының Кәсіподақтар үйінде Қарағанды облысының әкімі, облыстық кәсіподақтар (қызметкерлер) бірлестіктері мен жұмыс берушілер бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған Облыстық Келісімнің (бұдан әрі – Облыстық Келісім) жобасына ұсыныстарды талқылау бойынша әлеуметтік әріптестікте кәсіподақтар тарапы өкілдерінің бірінші кездесуі өтті.
Қызметкерлерге әлеуметтік-еңбек кепілдіктерін дамыту бойынша нақты бастамалармен алмасуға және ұсыныстарды бірлесіп қарастыруға өңірдің аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің келесі өкілдері қатысты:
Болат Жұмабеков – Қарағанды облысы Кәсіподақтар Орталығының төрағасы, Сергей Белкин – Қарағанды облысының еркін кәсіподақтар Достастығының төрағасы, Максим Аблин – Қарағанды кәсіподақтар одағының төрағасы және Құдайберді Оспанов – Қарағанды облысының Кәсіподақтар коалициясы «Аманат» ӘКК» төрағасы. Ашық диалог барысында Кәсіподақтар тарапы Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) және кәсіптік одақтардың республикалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) арасындағы 2024-2026 жылға арналған Бас келісімнің жобасына негізделе отырып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Жұмыс тобының ұсыныстарын ескере отырып, еңбекшілердің әл-ауқатын және қосымша әлеуметтік кепілдіктерін арттыру, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау ұстанымын нығайту, лайықты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, еңбек дауларының туындауының алдын алу және құқықтық реттеу басым бағыттар деп санайды.
Бірінші қараудың нәтижесінде кездесуге қатысушылар Еңбек Адамдарының мүддесі үшін Облыстық Келісімге кәсіподақ тараптарының бірыңғай ұсыныстарын қалыптастыру мақсатында бірлескен консультациялар өткізу туралы алқалы пікірге келді.