ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ БОЙЫНША СЕМИНАР ӨТТІ

ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының қызметкерлеріне еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбек жағдайлары және еңбекті қорғауға байланысты семинар өткізілді.


Ондағы мақсат еңбек қауіпсіздігін қатаң бақылауға алу, еңбек жағдайын жақсарту мен жұмыскерлердің еңбек құқығын қорғау болып табылады.

Семинарға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Айдар Бахтыбаев, Түркістан облысы бойынша ауыл, орман шаруашылығы табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлерінің кәсіподағының жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шолданбаев, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ағабек Абдиев пен кәсіподақ активі қатысты.

Жиын барысында өндірістік жарақаттанудан, кәсіби аурушаңдықтан сақтану, өндіріс орнында тәуекелдерді азайту және қауіптерді жою үшін қауіпсіз жұмыс ортасын қамтамасыз ету маңыздылығы жөнінде сөз өрбіді.
Кездесу барысында Айдар Бахтыбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға өндірістегі жазатайым оқиғалардың жағдайын, еңбек қауіпсіздігін қалыптастырудағы кәсіподақтардың рөлін, еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау бойынша жұмысшыларды оқыту негіздерін, сондай-ақ, еңбек жағдайын жақсарту жөнінде түсіндірді.

Одан өзге, жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шолданбаев қатысушыларға Қазақстан Республикасы Заңнамалығына сәйкес әрбір қызметкер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға, сондай-ақ еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес санитарлық-тұрмыстық жайлармен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етуге құқылы екені жөнінде айтып өтті.

Өз кезегінде қатысушылар ақпараттағы нақты деректерге, жалпы кәсіподақтардың атқарып отырған қызметіне үлкен қызығушылық танытып, бірқатар сұрақтарына жауаптарын алды.

Жиын соңы марапаттау миссиясымен жалғасын тауып, онда мекеме басшысы Ағабек Абдиев осы саланың қызығы мен қиындығын бірдей көріп жүрген бірқатар белсенді кәсіподақ мүшелерін марапаттады.