Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиевтің төрағалығымен үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда бірлестіктің 2023 жылғы атқарылған жұмыстарының қорытындылары сараланып, салалық кәсіподақ ұйымдары алдында тұрған өзекті мәселелер сөз болды.

Бірлестік төрағасы былтырғы Қауіпсіз еңбек жылында белгіленген шаралардың орындалу жайына тоқталды. 2023 жылы жазатайым оқиғалар орын алған 37 кәсіпорында 39 жұмысшы жарақат алып, 10 адам қайтыс болды. Ал 2022 жылы осындай 43 оқиға салдарынан 83 жұмысшы жарақат алып, 6 адам қайтыс болған еді. Өткен жылы өндірістік жарақаттану мен зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын азайту бойынша жол картасы жасақталып бекітілді. Өңірде бірлестікпен өткізілген 4 семинарға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының 162 төрағасы қатысты.

Облыстық үшжақты комиссияның өткен жылғы алты отырысында кәсіпорындарда туындағалы отырған еңбек даулары, еңбек қауіпсіздігі мен ұжымдық шарттар туралы мәселелер қаралып талқыланды.
Отырыста үйлестіру кеңесінің мүшелері Асқар Бисенов, Салтанат Рахимова, Гүлнәр Шайхашева, Серік Қадыров, Майра Кашкенова сөйлеп, өз ойларымен бөлісті.

Әлібек Аманжанұлы әріптестеріне кәсіподақ ұйымдары құрылмаған өндірістік кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысшыларына еңбек заңнамасының сақталуы, жұмысшылардың еңбегі мен денсаулығын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңнамаларды оқу семинарлары арқылы түсіндіру қажеттігін қаперледі. Сонымен қатар, ол жұмысшылар қорғанына айналған кәсіподақтың қоғамдағы орны мен рөлін көтеру, ұйым мүшелерінің қатарын көбейту мәселелеріне де кеңінен тоқталды.
Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі, баспасөз қызметі