Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы жанынан құрылған заң клиникасының филиалында азаматтарға еңбек, әлеуметтік және кәсіподақтар заңнамасы аясында тегін заңгерлік кеңес беру жыл басында жаңа қарқын алуда.
Бұл жолы заң клиникасына мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиешісі Арман Баубекова өз мекемесі қызметкерлерімен бірлесе отырып кәсіподақ ұйымын құру мәселесі бойынша жүгінді.
Айтуынша, бұрын «Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі» құрамында болып, бүгінде құрамында 70 тен астам қызметкері бар №3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы болып қайта құрылғандарын тілге тиек етті.
Осы тұста заң клиникасының басшысы Жомарт Нұршекенов өз тарапынан аталған тұлғаға Қазақстан Республикасының Кәсіптік одақтар туралы Заңы аясында тегін заңгерлік консультациялық қызмет көрсетті.
Аталған Заңның азаматтардың бірлесу бостандығына, кәсіптік одақтарды құруға, олардың қызметіне, оларды қайта ұйымдастыру құқығын беретіндігіне жіті тоқталып, кәсіподақтар осы Заңда айқындалған тәртіппен кәсіподақтар бірлестіктерін құра алатындықтарын жан-жақты түсіндірді.Сонымен қатар, Кәсіподақты мемлекеттiк тiркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетіндігіне де терең тоқталды.
Өзін толғандырған сұрақтар бойынша толыққанды кеңес алған бастамашыл топ өкілі тәрбиеші А.Бекбауова, Ақтөбе облысы кәсіподақтар Орталығы жанынан құрылған Заң клиникасының филиалы мамандарының қызметіне өз ризашылығын білдірді.