Шу-Шығанақ теміржол учаскесіндегі жазатайым оқиғаны тергеу жалғасуда. Жамбыл облысы еңбек инспекциясы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұркен Сейдалиевтің төрағалығымен тергеу комиссиясының құрамына “ҚТЖ – Жүк тасымалы” ЖШС “Жамбыл Жүк тасымалы бөлімшесі” филиалының кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Ақшураев енгізілді.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 21 қаңтарында сағат 07: 27 шамасында Жиделі-Бірлік аралығында (1488 км пикет 10) ІЖҚ-27 қызметкерлеріне №71 “Астана-Шымкент” жолаушылар пойызымен соқтығысқан. Апат салдарынан ВЧД-27 екі қызметкері алған жарақаттарынан қайтыс болды.
“Жамбыл Жүк тасымалы бөлімшесі” филиалының кәсіподақ ұйымының хабарлауынша, Шу станциясының ТҚБ қызметкерлері №1742 пойыздың 63046619 вагонынан құлаған триангельді іздеу үшін осы учаскеге 4 адам кеткен.
21 қаңтар күні сағат 10-да Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасына теміржолдағы жазатайым оқиға туралы хабарлама келіп түсті.
Қайтыс болған дайындық пунктінің бригадирі Истаев Тоқтағұл Рахимұлы және вагондарды аға тексеруші жөндеуші Қазабеков Талғат Асқарбайұлы “теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағы” ҚБ Жамбыл филиалының кәсіподақ мүшелері болды.
Қайғылы оқиғадан кейін бірден кәсіподақ ұйымының кәсіподақ комитетінің мүшелері мен жұмыс берушінің өкілдері қайтыс болған қызметкерлердің отбасыларына барып, көңіл айтты. Осы орайда, ұжымдық шартқа сәйкес қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына жерлеу қызметтеріне жұмыс берушіден 150 АЕК және кәсіподақ ұйымынан 100 АЕК мөлшерінде материалдық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, Ұжымдық шарттың нормаларына сәйкес, жазатайым оқиғаны тергеу нәтижелері бойынша қаза тапқандардың туыстарына қосымша материалдық көмек көрсетілетін болады.
Жамбыл облысының Кәсіподақ орталығы өліммен аяқталған жазатайым оқиғаны тергеу барысын бақылауда ұстауда.