Ақтөбе облыстық “Білім-инновация” лицей-интернатында бастауыш кәсіподақ ұйымының қолдауымен волейболдан жарыс ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – ұрпаққа саналы тəрбие беретін ұстаздарды дене шынықтырумен, спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, ұстаздар арасында волейбол ойынын дамыту жəне салауатты өмір салтын насихаттау, бұл арқылы келер ұрпаққа үлгі көрсетіп, сапалы білім мен тәлім-тәрбие беру.
Аталған шараға кәсіподақ мүшелерінен құралған төрт команда қатысты. Ақтық сынға шыққан командалар үздік ойын көрсетіп, шын жүйріктер анықталды.
Жарыс қорытындысында І орынды Сұңқар командасы оза шауып, жүйріктен жүйрік атанды. Ал, ІІ орынды Тұлпар командасы және ІІІ орынға Ағалар командасы ие болды.
Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен, медальдармен, кубоктармен марапатталды.
” Спорттық турнирлерді өткізу ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге көмектеседі, ортақ мақсаттарға жету үшін мотивацияны күшейтеді, қызметкерлердің жеке тиімділігін арттырады. Спортпен шұғылданып, волейбол ойнау арқылы достық қарым-қатынасты орнатуға, бірлік пен татулыққа жетуге болады” ,- дейді ұйымдастырушылар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, салауатты өмір-салтын қалыптастыруға бағытталған осындай спорттық бұқаралық шаралар одан әрі жалғасын табады.