«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жанындағы Заң клиникасының қызметіне Түркістан облысы, Отырар ауданының тұрғыны жүгінді. Азаматтың айтуынша Отырар ауданы аумағында жол көлік оқиғасы орын алып, нәтижесінде көлік қақтығысы салдарынан жәбірленуші тараптың автокөлігіне айтарлықтай зақым келген. Жол көлік оқиғасына жауапкер тұлға автокөлікті көлік жөндеу ұстасына жөндететіндігін және де келтірілген шығынды толық өтеп беретіндігін айтып, жол көлік оқиғасын Полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз өзара келісіп шешуді ұсынып, тараптар мәселені бейбіт жолмен шешуге келіскен. Алайда, автокөлікті көлік жөндеу ұстасына апарар жолда жауапкер азамат оқиға орнынан ізін суытқандығын айтып, жауапкер тұлғаға қатысты қандай шара көруге болатындығы жайлы Заң аясында құқықтық көмек көрсетуді сұрады.

Орын алған жағдайға байланысты істің мән-жайы тыңдалып, Заң клиникасының бас маман заңгері Ерлан Жандарбеков, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің (әрі қарай-Кодекс) 610 бабы 1 тармағына сәйкес, көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы – жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе алты айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғатынын, сонымен қатар Кодекстің 611 бабы 2 бабында, жүргізуші жол жүрісі қағидаларын бұзып, өзi қатысушы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалуы- елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға алып келетіндігін айтып, мәселе бойынша жергілікті полиция басқармасына немесе облыс көлемінде Полиция департаментіне арыздану құқығы жөнінде ақпарат берді.
Сонымен қатар, татуласу орталығының кәсіби медиаторы Салтанат Абдукаримова, азаматқа мәселені даудамайсыз, бейбіт жолмен шешу мақсатында жәбірленуші және жауапкер екі тараптың арасында медиация жасауды ұсынды.