Кәсіподақ ұйымы қазақ тілінен тегін курстарға қолдау көрсетеді

Ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап елордадағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі және «Руханият» мемлекеттік мекемелері бірлесіп, ересектерге қазақ тілін тегін оқыту бойынша курстарды бастайды.

«Руханият» тілдерді дамыту орталығымен жасалған меморандум аясында жыл сайын курстар тұрақты түрде өткізіліп, ана тілімізді үйренушілер саны артып келеді»,- дейді «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Шынар Үстенбекова.

Курстар офлайн форматта бастауыш және жалғастырушы деңгейлер бойынша өтеді. Оны өтуге ниет білдірушілер өздерімен бірге жеке куәлігінің көшірмесін алып баруы қажет. Сабақтар аптасына 2 рет, ұзақтығы 1 сағат 20 минуттан өткізіледі.

Курстарға жазылу үшін мына мекенжайларға бару керек: Луи Пастер көшесі, 73, 10:00-ден 17:00-ге дейін (№12 көпшілік кітапхана), Бөгенбай батыр даңғылы, 52 (Орталық балалар-жасөспірімдер кітапханасы).