“Yntymaq” кәсіподағы: “Кезби” ЖШС қызметкерлерінің талаптары қанағаттандырылды, ұжым жұмысқа кірісті

“Кезби” ЖШС ұжымдық еңбек дауы “YNTYMAQ” республикалық салалық кәсіподағының төрағасы Төлеген Шайымовтың қатысуымен жұмыс беруші мен кәсіподақ мүшелерінің арасындағы келіссөздер барысында реттелді.

Айта кететін жайт, 2024 жылғы 29 қаңтарда мұнай сервисі кәсіпорнының қызметкерлері кәсіпорын жұмысын тоқтатып, жалақыны көтеру, материалдық-техникалық базаны жаңарту және кейбір адамдарды қызметтерінен босату жөнінде бірқатар талап қойған болатын.
Еңбеккерлердің айтуынша, жұмыс беруші өткен жылдың желтоқсан айында жалақыны кем дегенде 16 %-ға көтеру туралы келісімді орындамаған.
Сондай-ақ басшылық ұзақ мерзімді негізде жаңа келісімдерге қол қоятын кезде жалақыны көтеруге міндеттенген болатын. Еңбеккерлер қалыптасқан жағдайға кінәлілерді қызметінен босатуды талап етті.
Ереуілге шыққан жұмыскерлердің арасында серіктестікте жұмыс істейтін екі кәсіподақ ұйымының – «Кезби Бірлік» және «Ақиқат» («YNTYMAQ» салалық кәсіподақ ұйымының мүшесі), сондай-ақ кәсіподақ мүшесі емес жұмыскерлер де бар.

Еңбек ұжымымен кездесуге Астанадан “YNTYMAQ” республикалық салалық кәсіподағының төрағасы Төлеген Шайымов барған болатын. 30 қаңтарда күндіз бірнеше жиын өтіп, онда еңбеккерлердің талаптары мен дауды шешу мүмкіндіктері талқыланды.
Алғашқы кездесу «ӨзенМұнайГаз» АҚ-да өтті, онда келіссөз үстелінде «YNTYMAQ» салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Төлеген Шайымов, «ӨзенМұнайГаз» АҚ бас директоры Нұрдәулет Қилыбай және «Кезби» ЖШС бас директоры Бітім Кезбаев еңбек дауын шешу жолдарын қарастырып, еңбеккерлер мен жұмыс берушілер өкілдерімен келіссөздерді жалғастыру жөнінде шешім қабылдады.
Мәселелерді қарау кеңейтілген құрамда «Кезби» ЖШС аумағында жалғасты. Келіссөзге «Ақиқат» кәсіподақ ұйымының төрағасы Сәбит Молдабеков, кәсіподақ комитетінің мүшелері Жалғас Исмағұлов пен Есен Келджанов та шақырылды.«Кезби Бірлік» кәсіподақ ұйымының мүшелері атынан төрағасы Тұңғышбек Ұлықманов пен кәсіподақ комитетінің мүшесі Талғат Назаров қатысты. Кәсіподақ мүшесіне жатпайтын жұмыскерлер тобы атынан Оразбек Ақназаров пен Талғат Көшербаев қатысты.Жұмыс беруші тараптан басқарушы директор Ержан Кезбаев, техникалық директор Нұрлан Кезбаев, заң бөлімінің басшысы Расул Хамзин және ОИТҚ басшысы Жалғас Түкімов болды.
Келіссөздер аясында тараптар бұрын айтылған талаптарды қанағаттандыратын келісімдерге қол жеткізді.
Компания басшылығы жыл сайынғы индекстеуді ескере отырып, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны 16 пайызға көтеруге міндеттенді. Қызметкерлер өкілдерінің қатысуымен ескірген арнайы техника мен жабдықтарды ауыстыру бойынша комиссия құру туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар, жұмыс беруші бірқатар лауазымды тұлғалардың қызметтік міндеттерін бұзғаны үшін ішкі тексеріс жүргізуге міндеттенді.
Жұмыс берушімен және кәсіподақ өкілдерімен жүргізілген сындарлы диалог нәтижесінде еңбеккерлер штаттық режимде жұмысқа кірісті.
“YNTYMAQ” салалық кәсіподағының басшысы “Өзенмұнайгаз” АҚ Бас директоры Нұрдәулет Килыбай әлеуметтік серіктеске “Кезби”ЖШС қызметкерлерінің өзекті мәселелерін шешу мәселелерінде келіссөздер алаңдарын ұйымдастырғаны және сындарлы өзара іс-қимыл жасағаны үшін алғысын білдірді.

“Әлеуметтік серіктеспен тең және ашық диалог ереуілдер жарияламай немесе жанжалды жағдайды ушықтырмай еңбек дауын шешуге мүмкіндік береді. Өзара ашықтық әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін маңызды. Мұны кәсіподақтар да, жұмыс берушілер де түсінеді”, – деп атап өтті Төлеген Шайымов мұнай сервистік компаниядағы дауды шешуге қатысқаны туралы.