Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы ұйымдастыруымен кәсіподақтардың белсенді жастарына Жаңақорған шипажайында бес күндік демалыс пен тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылды.
Жаңақорған ауданында орналасқан шипажайға жастармен бірге аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов, құрылыс және ТКШ қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалы төрағасы Серік Мырзаханов, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ кәсіподақ ұйымы төрағасы Бақытжан Мұқашева барып, жастармен кәсіподақ қозғалысы және жұмыскерлердің еңбек-әлеуметтік құқықтары, кәсіподақ мүшелерін әлеуметтік қолдау мәселелері тұрғысында пікір алмасты.
«Жастарға кәсіподақ қызметіндегі басымдылықтар туралы айтып, оның негізгі құндылықтарына бағыт бағдар беру-маңызды. Кәсіподақтар қатарын жастармен толықтыру қазірде өзекті мәселелердің бірі. Әрбір ұйымдарда жастарды қоғамдық жұмыстарға белсенділік танытуға, кәсіподақ қызметтеріне қызығушылығын арттыруға ынталандыру қажет, осы мақсатта кәсіподақ ұйымдары қолдауымен бұл демалыс арнайы жастарға арналып ұйымдастырылып отыр» деді бірлестік төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов.
Шипажайда өткен бес күндік демалыста түрлі салалардағы кәсіподақ жастары ұйымдардағы еңбекші жастардың мәселелері, кәсіподақ ұйымдарының жұмыстары бағыттары бойынша пікір алмасып, өз тәжірибелерімен бөлісті.